Қарбыз бен қауын қай кезде піседі?

Егінші Берік Жақсылықтың айтуынша, қауын-қарбызды ыстық аймақта наурыздың соңынан бастап егеді.

Қазір қарбыздың тек «холер» деген түрін егеміз. Міндетті түрде клеенкамен жауып, қарбызды 9-10 күн сайын, қауынды 20 күнде бір суарып тұрамыз. Түйнегі шыққан кезде дәл сол жерінен клеенкамен жабамыз. Клеенка қарбызға ең керегін — ыстықты ұстап тұрады, тез пісуіне көмектеседі. Негізі қауын-қарбыз шілденің соңында піседі. Қарбыздың пісу ұзақтығына қарай түрі көп. Қайсын ектік, ол қанша күнде піседі – соған байланысты жинаймыз, — дейді егінші.

Піскеннен кейін қалай сақтау керек?

«Қарбыз да, қауын да салқын жерде тұруы қажет. Кесілмеген қарбыз көлеңкеде тұрса, бұзылмайды. Бірақ оны дүкеннен алғаннан кейін 5-6 күнде жеп қойған дұрыс. Қарбызды қысқан кезде қырт еткен дыбыс шықса, жақсы піскен деп есептейміз», — дейді Берік Жақсылық.

Қарбыз бен қауынды қай кезден бастап жеген дұрыс?

Ұлттық сараптама орталығының мамандары Baribar.kz порталына берген жауабында қауын-қарбызды тамыз айының ортасынан кейін жеу керек екенін айтады.

Қазақстан аймақтарына қауын мен қарбыз еліміздің оңтүстігінен және Өзбекстаннан жетеді. Оларды тамыздың ортасынан бастап тұтынған дұрыс. Тұрғындар көкөністің осы түрін сатып аларда сыртының бүтін екеніне және босап кетпегеніне мән беруі керек, — дейді Ұлттық сараптама орталығының мамандары.

Бақша өсімдіктерінің құрамындағы нитраттың (селитра) мөлшерін зерттеу жүргізіп қана анықтауға болады. Қарбыздағы нитрат мөлшері келісіне 60 миллиграмнан, ал қауында 90 миллиграмнан аспауы қажет.

Ұлттық сараптама орталығының зерттеуіне сәйкес Қазақстандағы қауын-қарбыздың құрамындағы нитрат қабығына жақын тұсында көп болады.

Қарбыз бен қауынды қалай таңдаймыз?

Әділбек Үсенов — мұғалім. Ол диқан әкесінен қарбыз бен қауынды таңдаудың қыр-сырын меңгерген. Пайдалы кеңесті бізбен де бөлісті.

  • Қарбыз домалақ әрі қабығының түсі қанық болғаны дұрыс.
  • Қарбыздың сабағы тұсында жырығы болса, ол тәтті деген сөз. Себебі қарбыз күннің ыстығынан, тәтті болғанынан жарылады.
  • Қарбызды ұстап тұрып, алақанмен сабалап, ұрып көріңіз. Сол кезде тақылдамай, дүңк еткен дыбыс шықса, іші жақсы болады.
  • Қарбыз ауыр болуы керек.
  • Қауынның да қарбыз сияқты түсі қанық болсын. Қауын пісер кезінде торлайды. Егер сырты тор-тор болып тұрса, жақсы піскен деуге болады.
  • Толық піскен қауынды жұлған кезде сабағының орны домалақ болып, әдемі үзіледі. Себебі қауынның сабағы піскен кезде босап, жұлуға дайын тұрады. Сабағымен бірге қиылған қауынның дәмі кәмек (дәмсіз) болады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!