Журналистік білім берудің инновациялық форматы

Алматыда шетелдік және отандық медиасарапшылар мен журналистер коммуникация саласындағы жаңа тенденцияларды, диджитал-технологиялар мен білім берудегі әлемдік трендтерді талқылады.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
Фото: Назгүл Шыңғысова

Медиасарапшылар ақылды журналистика, редакциядағы жасанды интеллект, Big Data, виртуал шындық жаңалықтары, бейнеконтенттің ролі, омниканал, Human to human форматындағы адамдардың қарым-қатынасы туралы ойын ортаға салды. Олар скриптердің күрделенуі, әлеуметтік желілер мен мессенджердегі чат-боттар тағы басқа медиатехнологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқаны туралы әсерін бөлісті. Бұл мәселелер туралы журналистер “Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері” (МТIJ) атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.

Сөз басында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек мұндай кездесулердің маңызын атап өтті.

Қазіргі жастар жаңа технологияларды мамандықтың рухани құрамдас бөлігі – гуманистік базиспен үйлестіре білуі керек, – деді декан.

Алматы ЮНЕСКО кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов ЮНЕСКО-ның сапалы репортаждар негізінде бейбітшілік пен дамуды қолдауға және Орталық Азиядағы білімнің қолжетімділігіне бағытталған “2018-2019 жылдардағы Орталық Азиядағы коммуникация және информация” атты бағдарламасын таныстырды. Бағдарламаның басым бағыттары ретінде интернет және офлайндағы пікір еркіндігіне, журналистердің қауіпсіздігіне жәрдемдесу, тәуелсіз БАҚ-тарды қолдау және тағы басқалар аталды.

Журналистерді дискриминациялау, баспа мәтінге сену – жаһандық мәселелер. Қазақстан журналистикасы өз жолын іздеуі керек. Адамдар фактіге негізделген сапалы ақпаратты талап етеді, – деді Сергей Карпов.

Проректор, Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институтының директоры Рафис Абазов тыңдаушылардың назарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың “жасыл” коммуникацияны ұйымдастырудағы, білім берудегі роліне аударды.

БҰҰ жүйесі және Пан Ги Мун институтының көзқарасы тұрғысынан журналистиканы тұрақты дамыту әрі өмірді жақсарту бағытында шағын, алайда маңызды қадам жасай аламыз. Қоғамдық пікір мен интеллектуал әлеуетті жұмылдыра отырып, көптеген мәселенің шешілуіне елеулі үлес қоса аламыз. ҚазҰУ ғалымдары әлемдік ғылым мен техниканың дамуына үлестерін қосуы тиіс. Бұл бағытта өзге мемлекеттердің тәжірибесін жете білу қажет. Осының барлығы ҚазҰУ-ды бұдан да танымал, бәсекеге қабілетті етеді және әлемдік аренадағы университеттің мәртебесіне тікелей ықпал етеді, – деді Рафис Абазов.

Ол келесі мәселелерге баса көңіл аударуды ұсынды:

  • білім беру концепциясын тұрақты даму мүддесі тұрғысынан талқылау;
  • ең үздік білім беру модельдеріне бағытталу, креатив мәдениет пен мамандықтар қауымдастығымен жұмыс істей білу.
Фото: Назгүл Шыңғысова

Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Тұрсынкүл Базарбаеваның айтуынша, БАҚ-тың тұрақты дамуы үшін мемлекет көптеген жобаны жүзеге асырып келеді:

Қоғамдық пікір қалыптастырудағы БАҚ-тың ролін асыра бағалау қиын. Журналистерге кәсіби білім берудегі жоғары стандарттардың маңызында да дау жоқ. Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде тұрақты дамуда көптеген жобаны жүзеге асырып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ЮНЕСКО статусын иеленген екі кафедраның болуы – үлкен жетістік. Бұл – маңызды мақсаттарға жетудегі тиімді механизм, – деді Тұрсынкүл Базарбаева.

Internews Network халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің медиасауаттылық жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр Асанбаева жастармен үнемі жұмыс істеудің, сыни ойлаудың қажет екеніне тоқталды.

Бүгінде агрессивке толы және сана-сезімді жаулап, иландырып жіберетін пост-шындықтың түрі көп. Әлеуметтік желіде белсенді таратылатын сендіру теориясын саяси және басқа да манипуляторлар, насихатшылар қолданады. Олар дәлелсіз, себебі дерекке емес, түсініксіз логикаға негізделеді. Алайда олардың танымалдығы демократияның деңгейін және мемлекеттік менеджменттің жариялылығын көрсетеді. Қоғам жердің сатылып кетуі, пайдалы қазбалардың шетке шығарылуы, иллюминаттардың болуы, адамдарды қайта бағдарламалау (Овертон терезесі) және тағы басқа мәселелер туралы сенімді ақпарат болмағандықтан өз болжамдарын жасайды. Бұл теорияның көптігі  соншалық, мифтер мен болжамдардың саны шексіз. Оларды фактчекингтің көмегімен анықтауға сарапшылар мен кәсіби мамандар қажет болады. Барлық сұраққа жауап таба алмаған адамдар конспирологтардың теорияларына сенгіш болады, – деді Гүлнәр Асанбаева.

“Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженованың айтуынша, ақпараттық саясат жеке позицияны қалыптастыруды күрделендіреді. Сарапшы азаматтық журналистика туралы сөз етті.

Дамыған журналистика жоқ жерде тұрақты қоғам болмайды. Үгіт-насихаттық емес, сапалы және адал журналистиканы айтып отырмын. Ақпараттық саясат жеке цензураны ынталандырады. Мұндайда жеке позицияны қалыптастыру күрделенеді. Жаңа технологияларды меңгеріп, фактчекингті, мәліметтер журналистикасын үйрену қажет. Бірақ менің қөзқарасым бойынша бұл қоғамның шынайы мәселелері мен тек шындықты айтатын азаматтық журналистиканы ауыстырмайды. Журналистер өздерінің қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір болатын басты мақсатын жоғалтып алды, – деді Ғалия Әженова.

Басқосуда Қазақстанның түрлі жоғары оқу орнының оқытушылары да өзекті ойларын ортаға салды. Алматы технологиялық университеті профессоры Аязби Бейсенқұлов медиаландшафтың жылдам өзгеріп жатқанын тілге тиек етті.

БАҚ-тың бұқаралық коммуникация құралдарына айналғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Әлеуметтік желілер ақпарат жеткізудің классикалық механизмін өзгертті. Білім беру үдерісі де өзгеруде. Міндетті бағдарламалар күшін жойды, енді әр ЖОО жеке бағдарламаларын түзеді. Алайда журналистиканың негізгі құндылықтары сақталуы тиіс. Біз сандық технология мен конвергентті меңгердік.  Келесі қадам – жаңа түсініктер – Big Data, жасанды интеллекті меңгеру. Әзірге Қазақстанда бұл бағытта жұмыстар аз атқарылып жатыр. Шетелдік дайын құралдарды қолданып жүрміз. Сонымен қатар, медиа-тұтынуды мониторинг жасау қажет. Тек Google сараптамасы ғана емес, нақты отандық сараптама керек, – деді ол.

Конференцияға қатысушылар білім беру мен журналистиканың дамуындағы көкейтесті тақырыптарды дер кезінде талқылаудың маңызын атады. Кездесу эдьютон және жаңа білімнің инновациялық үдерістерін бағалау форматында өтті. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ләйла Ахметованың журналистің тарихи-ғылыми фактчекинг кәсіби әдісіне негізделген Workshop қатысушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.

Сюжеттер жасап, ақпарат жинап, ұтымды сұрақ қоюды, журналист этикасын меңгеруді студент кезеңінен бастау қажет. Өндірісте аталған құзіреттіліктерді үйретіп отыруға практик-мамандардың уақыты жете бермейді, – деді Алматы психикалық сауықтыру орталығының баспасөз хатшысы, блогер-вайнер Жазира Бегалы.

Конференцияда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жетпісбай Бекболатұлы халықаралық журналистиканы оқытудың модельдеріне тоқталды.

Халықаралық журналистерді келесі бағыттарда оқыту қажет: біріншіден, тілдік дайындық, екіншіден, құқықтық, яғни шетелдегі журналист қызметін құқықтық реттеудегі негіздерін үйрету, үшіншіден, журналистік дайындық, мақала жазу машығы, саяси сараптама жасай білу және тағы басқа. Қазақстандық педагогтерге өзінің жеке моделін жасау қажет, – деді Жетпісбай Бекболатұлы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова коммуникация саласындағы мамандарды оқытудың отандық бәсекеге қабілетті білім беру моделін қалыптастырудағы оқытушылар мен практик-мамандар диалогының маңызын атады.

Блогер, Baribar.kz порталының коммерция бөлімінің редакторы Айжан Кәрібай деректі материалдармен жұмыс істеуге тоқталды. Конференцияда Сүлейман Демирел атындағы университет оқытушысы Мәдияр Саудабаев пен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен Зәуреш Қойгелдиева журналистердің кәсіби құзіреттілігін күшейту қажеттігін айтса, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Алуа Мырзаханова салалық журналистиканы белсенді дамытып, журналистер мен PR мамандардың біліктілігін арттыратын орталықтар ашу қажеттігін айтты.

Назгүл Шыңғысова,

филология ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика

және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі