Даниал Ахметов «Абай Арена» кешенін аралады

Семейдегі Қарағайлы шағын ауданында бой көтерген «Абай Арена» мәдени-спорт кешені өңірдегі, тіпті еліміздегі ерекше заманауи нысандардың бірі болмақ. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кешеннің құрылысын аралау барысында айтты. Ол дәл осындай мәдени-спорт кешенін Өскеменде де салуды ұсынды.

Сөз жоқ, «Абай Арена» тамаша кешенге айналып келе жатыр. Еліміздегі ең керемет шағын аудан осы жерде болуы керек. Мұндай аудан басқа еш жерде жоқ. Барлық инфрақұрылым жүргізілген. Ені алты метр болатын кең көлік жолы мен жаяу жүргіншілерге арналған тас жол — бәрі көзге көрікті, сапасы да жақсы, — деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бүгінде бас корпусты әйнекпен қаптау толық аяқталып, ғимараттың ішін әрлеу мен ауланы абаттандыру ғана қалды. Болашақта спорт нысанының алдында қылқан жапырақты ағаштардан саябақ болады.

Қарағайлы шағын ауданында биыл көпқабатты 30 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Оның тоғызы жалдамалы үй болса, 21-і несие арқылы беріледі. Бүгінге дейін 14 үй қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін тағы алты тұрғын үйге тұрғындар қоныстанатын болады. Сонымен қатар биыл 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша жобасы әзірленіп жатыр. Бұл екі нысанның да құрылысы келесі жылы басталады.

Қуан Сейіт

Шығыс Қазақстан облысы