Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тұғыры биік Тарбағатай» атты халықаралық спорт пен өнер фестивалі өтті. Бұл туралы ШҚО Ішкі саясат басқармасы хабарлады.
Ақсуат ауылында Украина, Беларусь, Армения мен Қазақстанның кәсіпқой боксшылары бақ сынап, мықтылар анықталды. Боксшылар 60 келіден 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Тарбағатай төрінде турнир өткізудегі мақсатымыз – ауыл жастарына бұқаралық спортты насихаттау, оларды салауатты өмір салтына қызықтыру және елімізде бокс спортын дамыту. Танылмай жүрген талантты жастарға мүмкіндік беруіміз қажет. Осындағы азаматтардың қолдауымен өтіп жатқан үлкен дода туған жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі деп білемін. Қазақстанның әрбір азаматы шамасы келгенше туған жерін көркейтуге үлесін қосса, көшіміз ілгері болары анық. Туған жердің туын биік ұстауымыз керек, — деді кәсіпқой боксшы, ұйымдастырушылар алқасының төрағасы Қанат Ислам.
Шараны қазақ боксшыларын қолдап жүрген QAZAQ promotions компаниясы ұйымдастырды.