Мағзұм Мырзағалиев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды

Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Жарлық 17 маусымда Ақорда сайтында жарияланды.

Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалсын, — делінген Жарлықта.

Мағзұм Мырзағалиев 2014 жылдың тамыз айынан бастап Энергетика вице-министрі қызметін атқарады. 1978 жылы 7 қарашада Алматыда дүниеге келген.

1999 жылы «Тұран» университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар саласындағы дипломатиялық академиясында оқыды. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде мұнай-газ кен орындарын игеру мамандығы бойынша білім алған. Еңбек өтілін Теңіз кен орындарында және Батыс Сібірде бұрғылау ерітінділері жөніндегі инженер болып бастады, АҚШ пен Малайзияда тағылымдамадан өтті.

2004-2007 жылдары MI Drilling Fluids International Ақтау филиалының өндіріс жөніндегі менеджері болып жұмыс істеді. 2010 жылға дейін «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры болып қызмет етті.

2010-2012 жылдары «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ Сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, кейіннен «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ инновациялық даму және сервистік жобалар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2013 жылдың қазан айынан бастап мұнай және газ вице-министрі, 2014 жылдың тамыз айынан бастап Энергетика вице-министрі болды. «Құрмет» орденімен және екі медальмен марапатталған.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне:

  • Энергетика министрлігінің қоршаған ортаны қорғаудың, тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыс істеудің мемлекеттік саясатын қалыптастыру және іске асыру, табиғи ресурстарды қорғау, оларды ұтымды пайдалануды бақылау және қадағалау саласындағы;
  • Ауыл шаруашылығы министрлігінің су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру, орман шаруашылығы саласындағы;
  • Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мемлекеттік геологиялық зерттеу, минералдық-шикізат базасын молайту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді.