Шығыс Қазақстанда жағажай маусымы ашылды

Шығыс Қазақстан облысында жағажай маусымы ашылды. ШҚО Ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, жағажайдың ашылу салтанаты Ұлан ауданы Сібе көлінде өтті.

Облыс басшылығының қолдауымен туризмді дамыту мақсатында Өскемен-Самар және Сібе көлдері жағалауына дейінгі 125 шақырым жол жөндеуден өтті. Аудан әкімдігі тарапынан демалушыларға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Муниципал жағажай кеңейтіліп, турист санының артуына сеп болып отыр. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары да қолға алынып, биылдан бастап полиция пункті орнатылады. Бұл балалар қауіпсіздігіне өте қажет. 

Демалушылардың ұсыныс-тілектері ескеріліп, оларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар шара қолға алынды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады,- деді Ұлан ауданының әкімі НұрымбетСақтағанов.

Сонымен қатар суда жүзу қауіпсізідігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы бақылау құралдары, қоршау орнатылған. Жағалауда спорт ойындарына арналған құрылғылар, волейбол мен дайвинг алаңы бар.

ШҚО-да жағажай маусымы ашылды
Фото: ШҚО Ішкі саясат басқармасы

Жағажайдың ашылу салтанатына әнші Дастан Оразбеков арнайы келіп, қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлады.

Сібе көлі өте көркем әрі тұнық екен. Шетелге бармай, еліміздің осындай керемет жерлерінде демалу қажет, — деді әнші.

Сібе көлі  тау қатпарындағы бес көлдің тоғысқан жері. Аудандағы туризмнің дамуы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жүзеге асып келеді. Екі жыл бұрын Шалқар көлінде облыс тұрғындары мен туристерінің сүйікті демалыс орнына айналған Sibiny family resort муниципал жағажайы ашылған болатын.