Шығыс Қазақстанда қазақ күресінен халықаралық турнир өтті

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында қазақ күресінен халықаралық турнир өтті. Турнирде 30 мемлекеттен келген 90 балуан бақ сынады. Нәтижесінде 70 келі салмақ дәрежесі бойынша, қола жүлдеге Молдовия спортшысы Геордже Року, күміске қазақстандық Өскен Төлеубеков, ал алтын жүлдеге грузиялық Звиад Одошешвили ие болды.

80 келі салмақ дәрежесі бойынша, бірінші орынды Тәжікстан спортшысы Хамроз Раджабо, екінші орынды грузиялық Каха Момулашвили, үшінші орынды қазақстандық Бекзат Манасбаев иеленді.

80 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша тартыс қызу болды. Қазақтандық Айбек Нұғымаров пен өзбекстандық Мухсин Хисомудинов — мықты балуандар. Үлкен тартыс нәтижесінде халықаралық гран-приді Айбек Нұғымаров иеленді.

Шығыс Қазақстанға әлемнің 30 мемлекетінен спортшылардың келуі — үлкен көрсеткіш. Қазақ күресі танымал болып келеді. Бұл қуантарлық жайт, — деді Айбек Нұғымаров.

Мухсин Хисомудинов екінші орынға, грузиялық Георджи Катарадзе үшінші орынды жеңіп алды.

Грекия командасының өкілі Пекос Теодорас бала кезінде аталмыш спорт түрімен айналысқанын айтты.

Осы турнирге бірнеше рет қатыстық. Жылдан жылға мінбе жанкүйерге толып, шараның ауқымы кеңейіп жатқанына куәміз, — дейді ол

Биыл бұл турнир жетінші рет өтті. Осы уақыт аралығында қатысушылар мен мемлекет саны артты. Бұл жолы турнирдің «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер мен спорт фестивалі аясында өтуі ауқымын кеңейтті.

Халықаралық қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Талғат Мәзібаевтың айтуынша, қазақ күресі қыркүйекте Оңтүстік Кореяда өтетін әлемдік ойындардың тізіміне енді. Сондықтан турнирге шетелдік спортшылардың қатысуы жақсы мүмкіндік.

Еуропа елдерінде қазақ күресі танылып келеді. Бұл — қуантарлық жағдай. Мақсатымыз — қазақ күресін олимпиада ойындарына қосу. Жылда спортшыларды ашық аспан астындағы турнирге шақырамыз. Бәрі уақыттың еншісінде. Биыл алғаш рет Италия, Румыния және Нидерланды мемлекетінің балуандары қатысып жатыр, — деді Талғат Мәзібаев.

Турнир соңында жеңімпаздар Qazaq promotion компаниясы ұсынған концерттік мерекені тамашалады.