Шығыс Қазақстан облысында «Тұғыры биік Тарбағатай» халықаралық фестивалі өтті. Фестивальға әлемнің әр түкпірінен спортшылар мен тіл жүйріктері келді.
Шара аясында ІІІ облыстық ақсақалдар форумы өтті. Облыстың барлық аудан мен қаласынан 50 ақсақал келіп, жастар тәрбиесі мен қазақ елінің салт-дәстүрін дәріптеу проблемаларын талқылады. Тарбағатай ауданына облыс әкімі Даниал Ахметов те келіп, ақсақалдармен кездесті.
Фестиваль шеңберінде қазақ күресінен халықаралық турнир жеті жыл қатарынан дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл өз күшін сынауға 30 мемлекеттің спортшысы келді. Бірінші күні балуандар салмақ өлшеуден өтіп, 70, 80 және одан жоғары салмақта жарысқа түсті.
Халықаралық гран-приге бірнеше жыл қатарынан қатысып келеміз. Осы жолы Өзбекстанның 3 чемпионы 70 және 90 келі салмақта еліміздің намысын қорғайды. Бүгін мықтылар анықталады. Барлық қатысушыларға жеңіс тілеймін, — деді Өзбекстан командасының өкілі Шавкат Мирзакулов.
Ақсуат ауылында қазақ күресінен әлемнің 90 спортшысы үлкен додаға түседі. Алғаш рет жарысқа Италияның спортшылары қатысады. Сонымен қатар Qazaq promotion компаниясының және әйгілі боксшы Қанат Исламның ұйымдастыруымен кәсіпқой бокстан турнир өтеді.