Қасым-Жомарт Тоқаев: Шенеуніктер кабинетінде отырмауы керек

Мемлекет басшысы Ақордада облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті әкімдердің алдына бірқатар міндет қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқықтары мен бостандығын, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Елімізде заң үстемдік етуі тиіс. Заң алдында билік өкілдері де, азаматтар да бірдей. Бастысы — халықпен диалог орнату. Билік халықты тыңдап, олардың талап-тілегіне зейін қоюы керек. Шенеуніктер кабинеттерінде отырмауы керек. Тұрғындармен жұмыс істеуі керек. Әкімдер мемлекеттің саясатын азаматтарға түсіндіруі тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әкімдердің қызметі жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуы керек екенін айтты. Бұл әкімдер жұмысының басты көрсеткіші болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясатына да тоқталып, ол үшін әлеуметтік лифтілер қалыптастыру қажеттігін айтты.

Менің тапсырмам бойынша, Президенттің кадрлық резерві құрылып, оған 300 жас маман енгізіледі. Әкімдердің міндеті — резервке ең дарынды және келешегінен үміт күттіретін жас басқарушыларды іріктеу, — деді ол.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге бірқатар нақты тапсырма берді.