Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде қызметке ресми кірісу рәсімі өтті. Ол Конституцияның 42-бабына сәйкес халыққа ант берді.
Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының үлкен залына әкелінген соң, жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант бергеннен кейін, Мемлекеттік Туға жақындап келіп, сүйді.
Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды. Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.
ОСК төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президенті куәлігін тапсырды.
Салтанатты шара соңында Қазақстан Республикасының Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан ҚР Қарулы Күштерінің әскер түрлері салтанатты сап түзеп өтті.