Басты бетЖаңалықтарАрхеолог Зейнолла...

Археолог Зейнолла Самашев Ақбауыр шатқалынан қоныс қалдықтарын тапты

Белгілі археолог Зейнолла Самашев облыс әкімі Даниал Ахметовті Ұлан ауданы Бестерек ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Ақбауыр тауындағы археологиялық ескерткіштерден табылған сенсация жаңалықпен таныстырды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы хабарлайды.

Жартас суреттері мен петроглифтері бар атақты Ақбауыр шатқалынан Зейнолла Самашев кейінгі қола және ерте темір дәуірлеріндегі қоныс қалдықтарын тапты. Соңғы факт ерекше жаңалық болып тұр. Өйткені Қазақстан аумағындағы сақтардың отырықшы қоныстары өте аз зерттелген. Ал елдің шығысында бұл алғаш рет ашылып отыр. Бұл жағдай ежелгі сақ халықтарының экономикасы мен қоғамдық құрылымын жаңадан зерттеуге жол ашады. Өйткені көшпенділердің тек көшпенді салт-ғұрпы жайында пікір басым болатын. Атауы Ақбауыр-1 аталған елді мекендегі дәнүккіштің, ою-өрнексіз керамикалардың, қайрақ тастардың, жылқы, қой, ешкі сүйектерінің көп мөлшерде табылуы — осы ескерткішті қалдырған адамдар шаруашылығының айқын дәлелі. Жұмыс жетекшісі, профессор Зейнолла Самашевтың айтуынша, бұл ескерткіштер б.з.д. XI — IX ғасырларға тиесілі.

Археологтың тұжырымдарымен Ресей Ғылым академиясы, Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік институтының (Санкт-Петербург) археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Николай Боковенко да келіседі. Ол Ақбауыр-1 елді мекенінде маңызды ғылыми жаңалық жасалғанын айтты.

Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет ерте сақ қонысы ашылды. Бұны қазба жұмыстары кезінде табылған көп артефакті растайды. Әсіресе, ерте сақтардың көшпенді шаруашылығын көрсететін қайрақ тастарды атап өткен жөн. Қола және ерте темір дәуірінің қабаттарын бөлу үшін керамика сипаттамаларын мұқият қарау керек. Бұл Зейнолла Самашев ұсынған кезеңді тағы бір растайды, — дейді Николай Боковенко.

Ақбауыр шатқалындағы қола және темір дәуірінің ескерткіштері. Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар археолог Шығыс Қазақстан аумағында жұмыс істегеніне аз уақыт болған экспедицияның тамаша ұйымдастырылғанын айтты. Әлемдік археологияда бірегей жаңалық ашатын әртүрлі ескерткіштерді зерттеуге ғылыми көзқарастың жоғары екенін айтты.

Табылған заттар ерте дәуір сақтарының отырықшы өмір салтын жүргізгенін, оларда егіншілік, мал шаруашылығы, металлургия, қолөнер өндірісі қатар дамығанын білдіреді. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері мен оқытушыларының белсенді қатысуымен мыңнан астам керамика сынықтарының фрагменттері мен басқа да материалдар камерал жағдайда өңделеді. Барлық артефактілер облыстық этнографиялық мұражай қорына беріледі. Университет студенттері көрнекті артефактілерді алдын ала өңдеуге, зерттеуге үйреніп, Қазақстанның ежелгі тарихының шешілмеген көп сұрағына жауап табады. Барлық жұмыс облыстық археологиялық зерттеулер бағдарламасы аясында өтіп жатыр.

Ғалымдардың пікірінше, бұл — өте перспективалы жоба. Сондықтан ескерткішті қазу келесі жылы жалғасады. Осы шағын аудан аумағында орналасқан ескерткіштердің түрін, мәні мен мағынасын анықтап, типология, классификация, оның ішінде синхрондау міндеттері ғалымдарға жүктеледі. Аймақ ескерткіштерін зерттеу халықаралық сипатқа ие. Оған Ресей Федерациясы, Түркия, Әзірбайжан археологтары қатысады.