Нұр-Сұлтандағы сайлау комиссияларында 2826 адам жұмыс істейді

9 маусым күні Нұр-Сұлтандағы сайлау учаскелерінде сайлау комиссияларының 2826 мүшесі жұмыс істейді. Оның 1109-ы — саяси партиялардың, 1399-ы — қоғамдық бірлестіктердің өкілі. Ал 318 адамды Орталық сайлау комиссиясы ұсынған.

Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сайлау комиссиялары мүшелерінің қатарына бюджеттік ұйым қызметкерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, коммерциялық құрылым өкілдері, зейнеткерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, студенттер және басқалар кірді.

Нұр-Сұлтанда барлығы 238 сайлау учаскесі тіркелген, оның 204-і ашық, ал 34-і жабық. Учаскелік сайлау комиссияларының құрамы сайлаушылардың санына байланысты 5-тен 11 адамға дейін анықталады. Сайлау комиссияларының мүшелері Президент сайлауы жөнінде тиіс іс-шара өткізеді және сайлау күні учаскелерде дауыс беруді ұйымдастырады.

Әр сайлау учаскесінде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден екі бақылаушы жұмыс істейді. Бақылаушылар тізімінде жұртшылық өкілдерінен, үкіметтік емес ұйым мүшелерінен және қарапайым тұрғындардан тұратын 500 адам бар. Сонымен бірге «Думан» қонақүйінде 18 маусымға дейін жұмыс істейтін халықаралық бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығы ашылды.