Әркім әртүрлі мақсатпен бақылаушы болады. Біреу сайлау процесін көргісі келеді, біреу сайлаудың заңды да әділ, халықаралық стандартқа сай өткенін қалайды, ал енді біреу кандидат атынан бақылаушы болады. Олардың басты міндеті — сайлау және дауыс санау процесін бақылай отырып, заңбұзушылықтың болмауын қадағалау.

Сайлауда қалай бақылаушы бола аламын?

Қазақстан Республикасының кәмелетке толған кез келген азаматы Президент сайлауында бақылаушы бола алады. Оның бірнеше амалы бар. Кандидат атынан немесе саяси партия атынан бақылаушы ретінде тіркеле алады. Ол үшін кандидаттың сайлауалды штабына не саяси партияға жолығу керек. Одан бөлек, республикалық қоғамдық бірлестіктердің не болмаса коммерциялық емес ұйымның атынан да бақылаушы болуға мүмкіндік бар.

Қандай қоғамдық бірлестіктер бақылаушыларды дайындайды?

Осы ұйымдардың бірінің анкетасын толтыру керек. Өтініш расталған соң бақылаушы арнайы тренингтер мен дайындық жұмыстарынан өтіп, бақылаушы куәлігін алады. Сайлау күні оны ұйым белгілі бір учаскеге жібереді. Учаскеде бақылаушы жеке құжаты мен бақылаушы куәлігін сайлау комиссиясына көрсетіп, тіркеліп, міндеттерін орындауға кіріседі.

Бақылаушының міндеттері қандай?

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңда бақылаушыға міндеттелген бірқатар қызмет пен құқық бар. Бақылаушы объектив болуы керек. Тіпті, кандидат атынан бақылаушы болсаңыз да, сайлаудың әділ өтуін қадағалау маңызды. Бақылаушы сайлау процесіне араласа алмайды, оған сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіруге болмайды. Ол учаскедегі қалыптасқан ережелерді, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңды сақтауы тиіс.

Сайлау күні бақылаушы учаскенің ашылған уақытынан бастап дауыс санағы біткенше процеске қатысады. Ол сайлау қорытындысы жазылған хаттаманы жоғары тұрған сайлау комиссиясына жеткенше бақылау құқығына ие. Бұл — бақылаушының дауыс беру күніндегі ең маңызды құқықтарының бірі. Сонымен қатар бақылаушы сайлау комиссиясының отырыстарына қатыса алады. Отырыстар дауыс беру күніне дейін өтсе де, оған бақылаушының қатысуға құқығы бар.

Сайлауда бақылаушы аудио жазып, фото және видео түсіре алады. Бұл өте маңызды. Себебі құқықбұзушылықты тіркеу үшін дәйекті материалдардың болғаны жақсы. Бақылаушы сайлау ережелері немесе заңының бұзылғанын көрсе, сайлау комиссиясының төрағасына бұл туралы айтуға құқылы.

Комиссия мүшелері бақылаушыны аудитор немесе үстінен тексеруге келген адам ретінде көріп, негатив әсер қалдыруы мүмкін. Сондықтан бақылаушы учаскеге келгенде сайлау комиссиясымен танысып, адами қарым-қатынас орнатып алғаны маңызды.

Қазақстанның әр облысында «Эхо» қоғамдық бірлестігінің серіктес ұйымдары бар. Біз Қазақстан бойынша учаскелерге 170 бақылаушыны қоюды жоспарлап отырмыз. Одан басқа «Эхо» қоғамдық бірлестігінің атынан бақылаушылардың мобиль топтары болады. Олар участкелерді аралап, бақылау жүргізеді. Сонымен қатар әділ сайлауды қолдайтын, сайлау процесін көріп, оған бақылаушы ретінде қатысуға ниет білдірген кез келген азаматқа біздің есігіміз ашық.

Бізбен байланысу үшін немесе бақылаушы болуға өтініш білдіру үшін поштаға немесе Facebook-тегі парақшамызға жазып, аты-жөніңізді, e-mail мен телефон нөміріңізді, қалаңызды белгілесеңіз болғаны. Біз облыстар бойынша тізім жасап, әр қаладағы серіктес ұйымдарға ақпаратты жібереміз, олардан сізді тренингке шақыруды сұраймыз.