Көлік саудасының 59,9%-ы «Бипэк Авто — Азия Авто» және Astana Motors Қазақстан мотор компаниясы» кәсіпорындарына тиесілі. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеуінде айтылады.

Сарапшылардың мәліметінше, «Бипэк Авто — Азия Авто» компаниялар тобы 2019 жылдың 4 айында 6,7 мың автокөлік сатқан, бұл — елімізде сатылған барлық автокөліктің 35,6%-ы. Дилер LADA, Skoda, KIA, Nissan, Renault және «УАЗ» брендтерін сатады. Astana Motors 4,6 мың автокөлік сатты, бұл — елімізде сатылған барлық автокөліктің 24,3%-ы. Компания сататын брендтердің арасында Hyundai, Toyota, Subaru, Lexus, BMW, Mini, Jaguar, Land Rover және Volvo бар.

Көлік саудасы бойынша үздік үштікке «Вираж» компаниясы да еніп отыр, биылғы 4 айда кәсіпорын 1,1 мың автокөлік сатқан, барлық сауданың 6%-ы. Бұл брендтер — Ravon, «УАЗ», Chevrolet Niva және JAC.

Жаңа жеңіл автокөліктердің жартысынан астамы негізгі үш қалада сатылған: Алматыда (5,1 мың, бір жылда 30,8%-ға көп), Нұр-Сұлтанда (3,7 мың, бір жылда 43%-ға көп) және Атырауда (1,3 мың, бір жылда 10,9%-ға көп).

Биыл Қарағандыда жаңа автокөлік саудасының көлемі былтырғыдан 25%-ға артқан: барлығы 1,2 мың машина сатылды. Жалпы республика бойынша сауда 20,5%-ға өсті.

2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында LADA автокөліктері ең көп сұранысқа ие болған, сатылған көлік саны — 4,7 мың; екінші орында Toyota, 4,1 мыңы сатылған, үштікке Huyndai да кіріп отыр — 3,5 мың.

Қазақстанда құрастырылған автокөліктердің арасында да ең көп сұранысқа иелері — LADA және Hyundai. KIA маркасы да осы санатқа қосылып отыр.