Басты бетБілімВице-министр Эльмира...

Вице-министр Эльмира Суханбердиева қамауға алынды

ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева қамауға алынды. Бұл туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан сотының баспасөз қызметі растады.

Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Эльмира Суханбердиеваға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Санкция бойынша Эльмира Суханбердиева 2019 жылдың 2 тамызына дейін тұтқындалды.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасарына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Бірақ вице-министрдің кім екені жария етілмеген еді.

Эльмира Суханбердиева 1971 жылы туған. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. Алматы облысы Іле ауданындағы №7 орта мектептің директоры, қазіргі Нұр-Сұлтандағы №60 мектеп-лицейдің директоры, Астана білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2016 жылдың сәуір айынан бері ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары болып жұмыс істейді.