ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Президентті сайлау қарсаңындағы күшейтілген қауіпсіздік шаралары туралы айтты.
Қазір «Құқық тәртібі» операциясы жүргізіліп жатыр, сол себепті қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Ол Нұр-Сұлтанда ғана емес, бүкіл ел бойынша. Операция 6 маусымға дейін жүргізіледі. Полиция сайлауға байланысты 7 маусымнан 12-сіне дейін түгел күшейтілген қызметке көшеді, — деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысының кулуарында.
Министр 8 маусым «Тыныштық күні» екенін еске салды, бұл күні кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынады.
9 маусым күні сайлау болады, патруль барлық жерде жұмыс істейді. 21 мыңнан астам полицей жұмылдырылады. Мұндай шара сайлау болған сайын қолға алынады, — деді Ішкі істер министрі.
Алматы полициясы қазірден бастап күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. «Құқық тәртібі» жедел алдын алу шарасына 2 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Полицейлермен бірге Ұлттық ұланның 430 қызметшісі жаяу патрульдеуге шығып жүр. Соңғы екі тәулікте Алматы полицейлері 57 қылмысты ізін суытпай ашты, оның 35-і — ұрлық-қарлық пен тонау. Іздеуде жүрген 4 қылмыскер ұсталды. Полицейлер әкімшілік заңнамаларды бұзудың 1 554 дерегін әшкереледі, оның 370-і қоғамдық орындарда спиртті ішімдік ішу мен мас болуға, 382-сі автокөлікті қауіпсіздік белдігін тағынбай жүргізуге қатысты.
Еске салайық, Президентті сайлау 9 маусым күні 07.00-20.00 аралығында болады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін 12 сағаттан кем емес уақыт ішінде сайлау учаскелерінде дауысты есептеу басталады.