— Қарапайым адамдардың бет күтіміне қалай қарайсыз? Бетті қалай дұрыс күткен жөн?

— Адамдар әдетте бетке күтімді үй жағдайында өз білгенінше жасайды. Кейде медицина талаптары сақталмайды. Боянғанда да дәл солай. Ең әуелі бет терісінің қандай екенін косметологтан біліп алу керек. Құрғақ па, майлы ма немесе аралас па — косметиканы соған мән берместен қолдана беретіндер бар. Мысалы, бетіңіз құрғақ болса, таңертең жуынғаннан кейін міндетті түрде тоникпен сүртіңіз, одан кейін жеңіл, ылғалдандыратын крем жағыңыз. Егер бетінізде қан тамырлары қызыл болып көрініп тұрса, құрамында «Е» дәрумені бар кремді қолданыңыз. Майлы немесе дағы бар бетке құрамында «С» дәрумені бар крем жағу керек. Кез келген косметиканы жарнамасына, қаптамасына қарап емес, осылай құрамына мән беріп таңдаңыз.

Қандай косметологқа барсаңыз да, сізге Күннен қорғайтын SPF блогын қолдануға кеңес береді. Бұл — косметологиядағы бірінші заң. Өйткені бетке түрлі дақ көп жағдайда Күннің әсерінен пайда болады. Біздің елде адамдардың 90%-ы SPF туралы біле бермейді. Жазда SPF 50+, қыс мезгілінде SPF 30 факторлы кремдерді пайдалануға болады.

Ләззат Мамытова, косметолог дәрігер
Ләззат Мамытбаева, дәрігер-косметолог. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Еуропада біздің елдегімен салыстырғанда Күннің белсенділігі төмен. Ол жақта жылдың қай мезгілінде болмасын SPF 30-ды қолдана беруге болады. Сол себепті де адамдарға жарнамаға алданып қалмауды айтып келеміз. Әр аймаққа, адамға жеке тәсіл қажет. Бірақ қай мезгілде, мекенде болмасын, үйден шығардан 15 минут бұрын SPF жағу керек. Далада жүрсе, әр екі сағат сайын оны жаңалап жағып қою қажет. Сонда ерте жастан әжім пайда болмайды. Оны косметологияда фотоқараю деп атайды. Егер SPF-кремді дұрыс пайдалансаңыз, бетіңіздің терісі құрғамайды, түрлі пигмент, дақ та пайда болмайды. Адам 17-18 жастан бастап, бетті Күннен қорғауды бастаса, онда биологиялық жасынан әлдеқайда кіші көрінеді. Бірақ кез келген күтімді қолға алмас бұрын алдымен дәрігермен кеңескен жөн.

— Ер мен әйелдің бет күтімінде қандай айырмашылық бар?

— Ер адамдардан әйелге қарағанда майбез көбірек бөлінеді. Олар көбірек терлейді, күннің астында да көбірек жүреді, қимыл-қозғалыстары да аз болмайды. Косметологтар сол себепті ер адамдарға  SPF-спрейлерді қолдануға кеңес береді. Оны әр екі сағат пайдалану қажет. Бірақ ер адамдардың көбі бұл ережеге бағынбайды. Міндетті түрде For men косметикаларын қолдану қажет, өйткені әйел мен ердің бет терісінің құрылымы екі бөлек.

Кей адамдардың жасы 40-та болады, бірақ жасынан әлдеқайда кіші көрінеді. Бұл  генетикаға да байланысты. Жас көрінудің негізгі қағидаларының бірі — суды күніне екі литрден аз ішпеу. Сонда бет терісі құрғақ болмайды. Ылғал бетке дақ та, әжім де оңайлықпен түсе қоймайды. Біз клиенттерден «Суды қаншалықты көп ішесіз?» деп сұрап аламыз. Егер аз болса, смартфонына қоңырау қойғызып, әр екі сағат сайын су ішуге кеңес береміз де, бір айдан кейін қайтып келіңіз деп айтамыз. Сенесіз бе, бір айдан кейін 40%-ының беті терісі балғын болып оралады.

Ләззат Мамытова, дәрігер-косметолог.
Ләззат Мамытбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әйелдер көбіне бетке арналған реңк беретін кремді (тональный крем) жағады. Ол беттегі жасушаларды бітеп тастайды, оны кеңітіп, ішіне қара дақтар пайда болады. Соның әсерінен беттен майбез бөлінеді. Бұл процестерді болдырмау үшін реңк беретін крем астынан жағатын кремдерді қолдану керек. Оны «база» деп атайды. Егер соны жақса, мәселе туындамайды. Кейбір қыздар «SPF-ті, оның үстіне реңк беретін крем жағамын. Далаға содан кейін шығамын. Бірақ сонда да пигментация болды. Неге?» деп түсінбей жатады. SPF-кремдер ең соңынан жағылуы керек. Әйтпесе, оның әсері болмай қалады. Жазда қыздар реңк беретін крем орнына опа қолдануы керек.

— Жас ерекшелігіне байланысты бет күтімі қандай болуы қажет?

— Балаларға 6-7 жасында крем жақпаған дұрыс. Өйткені олардың терісінде липид мантиясы бар, яғни олардың терісіне қорғаныс қажет емес. Тек сыртқа шығарда балаларға арналған SPF-ті қолдануға болады. Бет күтіміне, әсіресе, жасөспірім кезде өте абай болу қажет. Бұл кезде ең бастысы — тазалық. Әсіресе, ер балалар осы кезеңде бет тазалығына қатты мән бергені жөн. Олар жасөспірімдерге арналған гельдерді қолданғаны дұрыс. Ересек адамдарда майбез басқаша бөлінеді. Сол себепті жасөспірім ата-анасының немесе кіші балалардың косметикасын қолданбағаны жөн. Кей қыздар анасының далабын жағып жатады. Бұл да — қате. Тіпті, далап та жас ерекшелігіне байланысты бөлінеді.

Көп проблема 20-25 жастан кейін басталады. Осы кезеңде құрғақтық пайда болады, безеу де шығады. Кей ер адамдарға 20 жастан кейін for men косметиканы сенімді қолдануға болады. Ал қыздар осы жастан «жас теріге арналған» кремдерді қолданып бастауы қажет. 20-30 жасқа дейін бет «жас» деп есептеледі, 30-40 жас аралығында «орташа», 45-тен кейін «қартайған бет» деп аталады. 45+ кремдердің құрамында гиалурон, коллаген сияқты заттар көп болады. Ал жастарға арналған кремдерде «Е», «С» тәрізді дәрумендер болуы керек.

Ләззат Мамытова, дәрігер-косметолог
Ләззат Мамытбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Әжім қай жастан бастап түскені дұрыс? Ерте түскен әжімді жазуға бола ма?

— Адам ағзасында гиалурон қышқылы болады. Ол ағзадан шамамен 25-30 жасқа дейін шығады. Соның әсерінен 30 жасқа дейін адамның беті балғын, әдемі көрінеді. Осы жасқа келгеннен кейін қышқыл бөлінуін тоқтады, содан бетте сызық, әжім пайда бола бастайды. Бірақ гиалурон қышқылының ағзада жиналған қорын 5-6 жылға дейін қолдануға болады. Ол үшін бетке 30 жастан кейін ерекше күтім жасау қажет. Кей адамдардың бетіне 35-36 жасқа дейін әжім түспейді. Бірақ 40 жаста бәрібір әжімсіз адам болмайды. Гравитация барлығын төменге тартады, адамның бет терісінің салбырап қалуының себебі — осы. Бұл — табиғи жағдай.

— Ерте жастан бояну қаншалықты зиян?

— Мектеп жасынан бастап боянатын қыздар бар. Оларға боянба деп те айта алмаймыз. Тек жасына сай косметиканы дұрыс таңдауы керек. Жас қыздардың ең көп жіберетін қатесі — базаны қолданбай боянуы. Бірақ соңғы кездері адамдардың бет терісі жақсарып келеді. Оған бьюти-блогерлердің әсері көп деуге болады. Олар барлығын қалай жасау керек екенін, қандай күтімнен кейін боянуды бастауға болады — бәрін көбіне дұрыс айтады. Кейде қыздар бізге келіп, барлық косметикасын алдымызға жайып тастайды. «Не нәрсені дұрыс істемей жүрмін?» деп консультация алады. Бұл — өте дұрыс қадам. Біз оның бет терісінің ерекшелігіне байланысты косметикаларын іріктеп береміз. Дұрысы, бетіңізде проблема болса да, болмаса да, 18-20 жасқа келгенде косметологқа көрінуіңіз қажет. Бір рет алған консультацияңыз бетіңіздің жылдар бойы жас көрінуіне кепіл болуы мүмкін.

— Қыздар арасында кең тараған бал, балшық, саз маскаларын қолдану қаншалықты дұрыс? 

— Мұндай маскаларды қолдану қате емес. Бірақ одан кейін қалай күтіну керек екенін білу керек. Мысалы, бал бетті ылғалдандырады әрі оның бір қабатын пилинг тәрізді түсіріп тастайды. Бал маскасын қолданған қыздар байқаған болар, сол процедурадан кейін бет қызарып тұрады. Бұл масканы жасағаннан кейін 2-3 тәулік Күн көзіне көрінбеу керек, яғни далаға шықпауы қажет. Бал бет терісін стреске ұшыратады. Ал балшық, саз маскасын құрғақ бетке жағуға болмайды. «Лимон бетімді ағартады» деп оны айналдыра жағатын қыздар бар. Ол бетті күйдіріп тастайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, үй жағдайында жасайтын кез келген процедураның жөн-жосығын маманнан біліп алу керек. Құрбыңызға оң әсер еткен тәсіл сізге жарамауы мүмкін екенін де ұмытпаңыз. Өйткені әр адам — дара жаратылыс.

Ләззат Мамытова, дәрігер-косметолог
Ләззат Мамытбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Соңғы технологиялар бет терісінің проблемаларын қаншалықты шеше алады?

— Қазіргі технологияның жетістігімен беттегі дақты 90%-ға дейін кетіруге болады. Мысалы, М22 аппаратын айтсақ болады. Ол беттегі дақты, ұсақ қызыл тамырларды, пигменттерді толық кетіреді. Аппарат қазіргі уақытта Қазақстан бойынша BB clinic орталығында ғана бар. Ол бетті ағартады, әжімді, дақтарды кетіреді. Процедура екі реттен төрт ретке дейін жасалады, яғни максимум төрт ай бойы айына бір рет қана жасалады.

Әсіресе, экология адамның бет терісінің бұзылуына, қартаюына көп әсер етеді. Мысалы, басқа қалаларда бетті косметологиялық тазалаудан 6-7 айда бір рет өткізу қажет болса, Алматыда процедураны екі айда бір қолданып отыру керек.

Одан бөлек, криоаппараттар бар. Ол салқынмен денедегі майды ешқандай операциясыз кетіреді. Адам бір процедурадан 30%-ға дейін ариды. Денедегі тыртықты кетіретін де аппараттар бар. Түкті зиянсыз жоятын Light sheer құрылғыларын атап өтуге болады. «Бұл аппаратттарды қолдану зиян емес пе?», «Лазер рак туғызбай ма?» деп сұрайтындар бар. Қондырғылардың бәрі талай жыл бойы тексеруден, тәжірибеден өткеннен соң ғана нарыққа шығарылады. Тек оның қолдану мерзімін білуіңіз қажет. Мысалы, кей процедураны бір айда бір реттен көп жасауға болмайды немесе жазда пайдалануға болмайтын аппараттар бар. Косметологыңыз сізге бұл туралы міндетті түрде ескертуі қажет. Ол сізді бірден процедураға, аппаратқа алып кетпеуі керек. Бірінші анализ тапсыруыңыз қажет. Мүмкін бетіңіздің проблемасы сіздің тамақтану немесе ұйқы режиміңізге байланысты шығар.

Ұйқыға сағат 23.00-ден кеш емес уақытта жатыңыз. Өйткені сағат 00.00-01.00 аралығында ағзадан меланин бөлінеді. Егер ол дұрыс шықпаса, әжім ерте түседі, шаш та сирек болады. Ұйқыңыздың уақытын бір қалыпқа келтірсеңіз, өміріңіз де, түріңіз де оң жаққа өзгереді деп сеніммен айта аламыз. Күндіз сағат 12.00-16.00 аралығында Күн көзінде жүрмеуге тырысыңыз. Салауатты өмір салтын — спорт, дұрыс тамақтану, уақытылы ұйықтауды қолға алсаңыз, биологиялық жасыңыздан кем дегенде бес жасқа дейін кіші көрінесіз.

— Кеңесіңізге рақмет!

1 пікір

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!