— Қазақстанда қыштан бұйым жасау өнері қаншалықты дамыған? Бұл салада табыс табу мүмкін бе?

— Егер осы істің басында ақсақалдар отырса, көптің басы қосылып, үлкенді тыңдаса, жақсы табыс табуға болады. Бұл саланы мен көрші Өзбекстанмен салыстырып айтайын. Өзбекстанда қыштан бұйым жасау XVIII ғасырдан бері жалғасып келеді. Неге олар қышқа көңіл бөліп, өздерінің ыдыс-аяғын жасап, бұл өнерді дамытып отыр десеңіз, оларда осы істі бастаған ақсақалдар оны балаларына үйретіп, насихаттаған. Мұнда үлкен тәрбие мәні жатыр. Онда ата-аналар кішкентай баласын ауылға, қыш ұстасының қасына қалдырып кетеді. Жастайынан еңбекқор болуға үйретеді. Ташкентте екі керамика зауыты бар. Сонымен қатар Самарқанд, Бұқара, Қоқан, Әндіжан және басқа қалаларында да керамика зауыттары жұмыс істейді. Олар туризмді дамытып, өзге елге өз ыдыстарын сатып пайда тауып отыр. Өзбекстанның қышы Еуропаға танымал. Орталық Азияның қыш ыдыстарын сұрағанда бәрі Өзбекстанды айтады.

Мысалы, Өзбекстанның мына бұйымын қараңызшы. Ақсақалдар ағаштың түбінде отыр. Мұнда жастар емес, үлкендер бейнеленген. Бұл — ертеден келе жатқан қыш ұсталарына деген құрмет. Оларда мұндай бұйым өте көп. Осы салада жүрген үлкендерді көре қалса, білмегенін үйренгісі келеді, бата сұрайды. Көрдіңіз бе, кез келген істің дамуы қайда жатыр? Қазақстанда XVIII ғасырда қыш ұсталары болды ма, білмейсің. Себебі олар туралы жазылмаған. Археологтар бізбен жұмыс істемейді. Бізде қышқа қызығу байқалмайды, оның тарихына да үңілмейді. Өзім табыс тауып жүрмін, бірақ үлкен мақсатта қаражат табу үшін саған көмектесетін, қаржысын бөлетін адам керек. Бұл жағы дәл қазір қиынырақ.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Алматыда бір кездері керамика бұйымдарын шығаратын зауыт болған деседі…

— 1935 жылы Ресейден М.В.Ломоносов университетінің шеберлері келіп, Алматыда зауыт ашты. Cол зауытқа 80 жыл толғанда оны жауып, орнына банк салды. Үкімет сол кезде ештеңе де айтпады. Зауыт жабылғаннан кейін Қазақстан қыш ыдыс өндірмейді. Ал 1980 жылдары Францияның өзі керамика ыдысты бізден алатын, сол жылдары үлкен көрме өтетін. Қазір сол керамика зауытының ыдысын іздесеңіз, таппайсыз. Алматыдағы «Саяхат» автовокзалының арғы жағында ғана сол зауыттан шыққан соңғы қышты сатып жатыр. Бұрын әр үйде Қазақстанда жасалған ыдыс толып тұратын. Қазір Қытайдың фарфоры, ары кетсе, Еуропаның 1-2 ыдысы тұрады. Отандық өнімді пайдаланайық дейді, бірақ өзіміздің өнімді шығаратын зауытты жауып тастады. Елімізде туризмді қолға алып еді, қазақтың қышын іздеп, оны Өзбекстаннан алдыртып жатыр. Қаладағы кез келген көрмеге барсаңыз, өзбектің керамикасы толып тұр.

Зауыт болмаса, қыш ұсталарының жұмысын кім алады? Зауыт жұмыс істемесе, біздің әр жерде жасаған осындай кішігірім ғана жұмысымыздан ештеңе өнбейді. Одан еліміздегі керамика өндірісі дамымайды, мемлекет мойын бұруы керек. Бұрын осы мамандықта оқып жүрген студенттер зауытқа тәжірибеден өтуге баратын. Қабілеті мықтыларын зауыт жұмысқа алатын немесе келісім шартпен бұйымдарына тапсырыс беретін. Тәуелсіздікке дейін жастардың көбі сол зауытта жұмыс істеді. Жастың аты — жас. Олар епті, жылдам істей алады. Ал қазір керамика зауыты жоқ, жастар қайда барады?

Қыш ұстасы Әлиасқар Мұсаев
Қыш шебері Әлиасқар Мұсаев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл саладағы мәселелер зауыт жабыларда басталған. Сол зауыттың мықты ұсталары, ақсақалдар айтпады емес, айтты. Бірақ оларды тыңдайтын құлақ болмады. Қаншама мықты шебер Ресейге кетіп қалды. Зауыт жабылғалы балшық та бола бермейді, шыны әшекейді де шетелден алдыртамыз. Бұл істің басында технологтар болуы керек. Ол ұстаға балшығын, әшекейін дайындап беруі керек. Қазір өзімізде болмағаннан кейін өзгеден сұрап отырмыз. Бұл екеуі де Қазақстанда бар, тек технолог жоқ. Алматыда армяндар, украиндер мен орыстар өз қышын жасап, соған өз оюын, өз мәдениетін қосып, дамытып жатыр. Зауыт жабылғаннан кейін ақсақалдар өзімен, жастар өзімен кетті.

Мысалы, бізде теріден бұйым жасап, әжептәуір ақша табуға болады. Себебі мұндай бұйымдарды сатып алады. Ағаштан бұйым жасау да солай, дамып тұр. Ал қыш ыдыс өтпейді, өйткені көрші мемлекеттен дайынын алып келеді.

— Жас керамистерге қандай мүмкіндік бар? Олар осы жолды жалғастырып жүр ме?

— Көркем керамика мамандығын Алматыда Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде оқытады. Бірақ бұл мамандыққа оқуға түсетін студенттер аз. Олар оқуды бітірген соң да қышпен айналыспайды. Зауыттың жұмысы жүріп тұрмаған соң, мемлекет жағдай жасамаған соң жастар қаражаттың соңында кетеді.

Қыштан бұйым жасау өнері
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

1992 жылы Семейде оқып келдім, мен де зауытта жұмыс істедім. 2015-ке дейін Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында 20 жылдай оқытушы болдым. Қазір бұл іспен ұмытып қалмау үшін айналысамын.

Бәрі намысқа байланысты сияқты. Қыштан бұйым жасап, осы салада табыс тапқыңыз келсе, бұған 5-6 жылыңызды арнауыңыз керек болады. Тәжірибе ретінде зауытта да жұмыс істеп көру керек. Сонда ғана әдемі әрі мықты бұйымдар дүниеге келеді.

— Қыштан құмыра жасаудың адамға, денсаулыққа пайдасы қандай?

— Қыштан бұйым жасау адамға күшті энергия береді, еңбекке, қолөнерге баулиды. Адамның денесінде де, балшықтың құрамында да 40 элемент бар. «Адам балшықтан жаратылған» деген түсінік осыдан шығып тұр. Қыштан бұйым жасап отырған адамның миы тынығады. Қазір аутизмге шалдыққан балаларға да осы қолөнер түрін үйреткен пайдалы. Бірнеше рет арнайы орталыққа барып, сол балалармен жұмыс істедім.

Саусақпен қышты тартқан кезде адамның қолы жыбырлап, мидың жұмысы жақсарады. Саусақ пен мидың қызметі тікелей байланысты. Қышпен жұмыс істеу есте сақтау қабілетін дұрыстайды, әсіресе, зейнеткерлерге осы іспен айналысқан пайдалы. Тек балшықты сезіп, баяу қимылмен әдемі бұйымды шығару керек. Оқыс қимылдауға болмайды, шыдамды болған жөн. Неге жапондар баланы 4-5 жасынан осындай үйірмеге апарады? Себебі олар баланы қолөнерге жақын етіп тәрбиелесе, оның ақылды, қабілетті болып өсетінін біледі.

Қыштан жасалған бұйымдар
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір Әлеуметтік жобалар халықаралық қауымдастығы Қазақстаннан 16-18 жастағы мүгедек балаларды іріктеп, қыштан бұйым жасауды үйретіп жатыр. Оларды алты ай мерзімде оқытуға менің шеберханама алып келді. Халықаралық қауымдастық ішінен ең қабілетті деген баланы шетелге оқуға жібереді. Италияда баланы осылай кішкентайынан қолөнерге баулиды екен. Олар біздегі мүгедек балаларды көріп, таңғалды. Бірнеше есе көп екен деп кетті.