Паралимпиадашылар Рио Олимпиасының жеңімпаздарымен тең дәрежедегі ақшалай жүлдеге ие болады

Түнгі сағат 4.30-да Астана әуежайында жанкүйерлер мен Олимпиадаға қатысқан спортшылардың туған-туыстары мен достары жиналды.

Елордаға келген спортшылардың қатарында суға жүзуден Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Габидуллина, пауэрлифтингтен күміс жүлдеге ие болған Раушан Қойшыбаева мен байрақты бәсекеге бағын сынаған 9 спортшы болды.

Алыс жолдан келгендеріне қарамастан спортшылар жанкүйерлерге өз қолтаңбаларын беріп, журналистердің сұрағына толыққанды жауап беруге тырысты.

Суға жүзуден Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Габидуллина жетістікке жетуге көп дайындалғанын атап өтті.

Салтанатты жиында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстенбек Мұхамедиұлы спортшыларды жеңісімен құттықтап, олардың Рио Олимпиадасының жеңімпаздарымен тең дәрежеде ақшалай сыйақыға ие болатындығын айтты.

«26 тамыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Рио Олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттағаннан кейін бізге арнайы тапсырма берген болатын. Яғни Паралимпиада ойындарына қатысқан спортшылардың ақшалай сыйақысын көтеру жөнінде. Бүгін республикалық қаржы және бюджет комитетінің отырысы болады. Біз (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі – ред.) бүкіл құжаттарды дайындап, керекті деректерді жинап қойдық. Паралимпиада спортшылыраның ақшалай сыйақысы 84 млн теңгеге дейін көтеріледі. Нақты айтар болсақ, олар Жазғы ХХХІ Олимпиада ойындарының жеңімпаздарымен тең дәрежедегі ақшалай сыйлыққа ие болады», — деді министр.

Сонымен қатар, Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанның Паралимпиада ойындарындағы жеңісін жоғары бағалады. Әрі осы салаға жауапты басшыларға алғысын білдірді.

«Біз дүбірлі додада алдымызға үлкен жоспар қойған жоқпыз. Байрақты бәсекеге бірінші рет 11 ойыншы қатысты. Алғаш рет алтын жүлдеге ие болдық. Шындықты айтайық, біз Паралимпиада ойындарына көңіл бөлмедік. Қазіргі уақытта бұл ойындарда да бәсекенің тартысты болғандығын көрдік. Енді біз елімізде Паралимпиа ойындарын алға қарай дамытатын боламыз. Мұндай жетістікке аяқ астынан жеткен жоқпыз. Аталмыш комиттетің басшысы Қайрат Боранбаев осы байрақты бәсекенің алдында өз қаражатына атлеттерді АҚШ-қа апарып, 3 ай бойы дайындағанын айтуымыз керек. Соның нәтижесінде осы белесті бағындырып отырмыз. Мен Қазақстанның Паралимпиада комитетінің басшылығына алғысымды білдіремін», — деді ол.

Айта кетейік, 2016 жылы Риодағы Паралимпиада ойындарында 11 спортшы ел намысын қорғады. Нәтижесінде Қазақстан қоржынына 1 алтын, 1 күміс жүлде түсті. Алтын жүлдені суға жүзуден Жамбыл облысының атлеті Зүлфия Габидуллина алса, күміс медальды Алматы облысының зілтеміршісі Раушан Қойшыбаева еншіледі.

Паралимпиада ойындарында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды 107 алтын, 81 күміс және 57 қола жүлдемен Қытай құрамасы алды. Екінші орында 64 алтын, 39 күміс, 44 қола медальмен Ұлыбритания атлеттері тұрса, үздік үштікке 41 алтын, 37 күміс және 39 қоламен Украина спортшылары кірді.

ДереккөзBAQ.kz