Өнерге келуі және отбасы туралы

Атам мен әжемнің баласымын. Олардың немересі емес, кенжесі сияқтымын. Қазақта алғашқы немерені ата-әжесі бауырына басатын салт бар ғой. Оның үстіне, мен дүниеге келгенде ата-анам әлі оқуын аяқтамаған екен. Оқуларына бөгет болмасын деп атам мен әжем мені қолына алған. Міне, содан бері осы кісілермен біргемін. Оқуға түскенде де Ақтөбеден «Баламыздың қарны тоқ, ұйқысы тыныш болсын» деп осында көшіп келді. Мен әжемді «мама», атамды «папа» деймін. Ал өз ата-анам — «аға», «апа». Ол кісілерге ешқашан «папа», «мама» деп көрмеппін.

Өнер жолын таңдауыма атам мен әжем себепкер болды. Атам инженер, ал әжем мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Бірақ екеуі де өнерден құралақан емес, атамның күй тартатыны, әжемнің әлі күнге дейін ән айтатыны бар. Атам ең алғаш маған домбыра тартуды үйретсе, әжем бес жасымда музыка мектебіне ертіп барды. Әжем аяғының ауыратынына қарамастан күн сайын мені музыка мектебіне апарудан шаршаған жоқ. Қазір ойлап қарасам, сол музыка мектебінің астыңғы қабатында отыратын орындық та болмапты. Мені екі сағаттан асатын дайындық біткенше күтіп тұратын.

Қандай оқушы болды?

8-сыныпқа дейін үздіктердің қатарында болдым. Бірде-бір «төрттік» бағам болған жоқ. Сабаққа деген көзқарасым түзу, ерінбей, тиянақты оқып, дайындалатынмын. Бірақ кейін ойынды көп ойнайтын болдым. Ертелі-кеш далада футбол ойнап, үйге келіп бар дауыспен ән айтатынмын. Осылайша сабақ ақырындап қалып қоя берді.

Кімді үлгі тұтты?

Кішкентайымнан күрделі, ешкім орындай алмайтын әндерді айтқым келетін. Басқа балалар жай музыка тыңдаса, мен классиканы тыңдайтынмын. Ермек Серкебаев, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Батырхан Шүкеновтер — менің кумирім. Осы кісілерді үлгі тұттым. Ал Ұлықпан Жолдасов, Әйкерім Қалаубаева, Әлішер Кәрімов сияқты аға-апаларыммен тығыз байланыстамын. Мен шетелдің әншілеріне еліктеген жоқпын. Кей достарымның кумирі — Майкл Джексон, Бейонсе сияқты әлемдік жұлдыздар. Әрине, оларды мен де тыңдаймын. Бірақ замандастарым қазақтың әндерін тыңдаса, терме мен күйді шетелде танытып жүрсе деймін. Өзімнің қолымнан терме айту келмейді. Бірақ термені күн сайын тыңдаймын.

Жеке өмірі туралы

Әзірше алдағы бес жылдағы серігім — вокал. Аяғымнан нық тұрып, өнерден өз орнымды тапқанша үйленіп, отбасын құру ойымда жоқ. Бірақ бәрі Алланың қолында ғой. Сүйгенімді кезіктіріп жатсам, үйленбей қаламын деп те айта алмаймын. Арманымдағы қыздарға келетін болсам, өзім сияқты ата-әжесінің қолында өскен, тәрбиелі, сөйлер сөзі мен жүрер орнын білетін қыздарды іздеймін. Түнгі клуб пен көше кезіп жүретін, «мода» деп мұрнын тесетіндерді, шашы қысқа, алабажақ киінетін қыздарды ұнатпаймын. Ондай қызды ата-әжеме, әке-шешеме алып келіп, көрсетуге де ұяламын. Ауылдың қарапайым қыздарын құрметтеймін.

Бос уақытында немен айналысады?

Футбол ойнағанды жақсы көремін. Бассейнге барамын. Бала кезде үш жыл таэквондомен айналыстым. Домбырада, фортепианода ойнай аламын. Айсұлтан деген досымнан барабан соғуды үйреніп жүрмін. Сурет салғанды, кино көргенді жақсы көремін. Кітап оқыған ұнайды. «Гарри Поттердің» барлық бөлімін оқып шықтым. Көбіне орыс тіліндегі кітаптарды оқимын.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!