ҚР Сыртқы істер министрлігі Италияда жол апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың жағдайы туралы хабарлады.
Қазіргі уақытта түрлі жарақатпен қазақстандық 2 әйел ауруханада қалып отыр — омыртқа, қабырға мен бұғана сүйегінің сынуы сияқты жарақаттары бар, сонымен бірге көптеген соққы алған. Біз итальян дәрігерлерінің соңғы диагнозын күтіп отырмыз және оған сәйкес әрі қарай тиісті шаралар қабылданады, — делінген ведомствоның Telegram-арнасындағы хабарламада.
Қалған 7 турист қонақүйде. Олар экскурсияларын жалғастыра береді. Қазақстан туристерінің бәрінде медициналық сақтандыру бар.
Қазақстан консулы жарақат алған отандастардың жанында, медицина қызметкерлерімен және жергілікті полициямен келіссөздер кезінде қажет көмек беріп жатыр. Жақын арада жарақат алғандардың туыстары Италияға ұшып келеді. Италияның құқық қорғау органдарының мәліметінше, автобус жүргізушісі қамауға алынып, апатқа байланысты тергеу жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ҚР СІМ өкілдері.
Еске салайық, 22 мамыр күні таңертең Италияның Монтериджони және Бадессе қалалары ауданында, Сиена — Флоренция тасжолында туристер мінген автобус жолдан шығып кетіп, биіктен аударылған еді. 55 адамның біреуі — Ресей азаматы қайтыс болды. 37 адам зардап шекті, олардың 9-ы — Қазақстан азаматы. Бұл оқиғадан Ресей, Армения, Беларусь, Грузия, Молдова және Румыния туристері де зардап шекті.