Басты бетҚоғамӘлеуметтік желіде...

Әлеуметтік желіде сауалнама жүргізгендерге айыппұл салынды

Бас прокуратура Қазақстан азаматтарына сайлау заңнамасын бұзбауды, әсіресе, Орталық сайлау комиссиясының рұқсатынсыз сауалнама жүргізбеуді ескертеді.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы кезектен тыс Президент сайлауы барысында заңдылықты, оның ішінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу шарттарының сақталуын ерекше бақылауда ұстап отыр. Қазіргі уақытта интернет желісінде осы заңның талаптарын бұзушылықтар тіркелді, — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қадағалау органының мәліметінше, әлеуметтік желілерде сайлауға қатысты сауалнама жүргізген екі адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Атап айтқанда, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауал тастаған (ӘҚБтК 120-бабының 3-тармағы) Алматы тұрғынына 15 АЕК мөлшерінде (37 875 теңге) айыппұл салынды. Дәл осындай әкімшілік шара Алматы облысы тұрғынына да қолданылды. Ол Facebook желісінде сауалнама жүргізген.

Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарға сайлау процесі барысында заңдылықты сақтау қажеттілігі және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 120-бабында сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауалнама жүргiзу шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық көзделгені туралы еске салады. Бұл ретте азаматтарға мұқият болып, әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын үшінші тұлғалардың заңға қайшы мақсаттарға пайдалануына жол бермеу ұсынылады, — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура Nur.kz интернет-ресурсының меншік иесіне қатысты әкімшілік іс қозғаған еді. Басылым Орталық сайлау комиссиясына хабарламастан сауалнама жүргізген.