Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста бағын сынап көрмек. Кездесу 29 қазан күні Алматыда өтеді. Қарсыласы — колумбиялық Милтон Нунез. Ол бұған дейін 50 кездесу өткізіп, оның 33-інде жеңіске жеткен.
Жәнібек кәсіпқой боксқа ауысу туралы әзірге нақты шешім қабылдамаған. Әзірге ұлттық құраманың демалысын пайдаланып, өзін кәсіпқой бокста бір мәрте сынап көруді жөн санап отыр екен.
Осы бокс кешінде Қанат Ислам да WBA (Interim) тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атағына таласады. Бұл оның 22-ші кездесуі. Қарсыласы — ганалық Патрик Аллотей. Қанат осыған дейінгі кездесулерінің бәрінде жеңіске жеткен.
Қанаттан кейін тағы бірнеше қазақ боксшылары өнер көрсетеді. Олардың арасында Жанқош Тұраров, Айдар Шәріпбаев, Айдос Ербосынұлы, Әли Ахмедов, Руслан Мырсатаев бар.