Алматы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты «Әлиевтікілер» аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Қадыр Әлиевке және сол топтың мүшелері Аңсар Дартаевқа, Дмитрий Терешин мен Ерсен Жұмабаевқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Сотталғандардың төртеуі де ҚР ҚК 125-бабының 2-б. 1), 8) тармақтарымен, 191-бабының 4-б. 2) тармағымен, 287-бабының 3-б. және 390-бабының 2-б. (адам ұрлау, тонау, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру, билік өкілінің немесе жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын лауазымды адамның атағын өздігінен иемдену) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды, — деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық топ жетекшісі мен топ мүшелеріне 7 жыл және 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Криминал авторитет Қадыр Әлиевті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірге 2018 жылғы 10 қазанда Алматыда ұстады. Оның «аса қауіпті» делінген қарулы тобы құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерінен құралған. Топ 2018 жылғы 13 қыркүйекте Жамбыл облысындағы Отар станциясында кәсіпкер Р. Агалюллинге қарулы шабуыл жасап, оның 107 мың доллар, 4 миллион рубль және 23 мың евро ақшасын алып кеткен.
Тінту іс-шаралары барысында ұсталғандардан 8 пистолет пен мылтық, 140 дана оқ-дәрі, радиостанциялар, автомобильдердің жалған тіркеу белгілері, шүберек бетперделер, кісендер мен қарақшылық шабуылға арналған басқа да құралдар табылып, тәркіленді, — деп хабарлады ҰҚК мамандары.
Жедел тергеу іс-шарасы нәтижесінде жәбірленушіге қылмыстық топ тартып алған ақшасы түгел қайтарылған.