Италияның Сиена провинциясында шетел туристері мінген автобус аударылды. Көлік апатынан бір адам қайтыс болып, ондаған адам жарақат алған. Зардап шеккендердің арасында Қазақстанның 9 азаматы бар.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Италиядағы көлік апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың бесеуі ауруханаға жеткізілген, қалғандары қонақүйде жатыр.
Қазақстан азаматтарының омыртқасына зақым келген, бұғана сүйегі мен қабырғалары сынған, басқа да көп жарақат алған. Жақын арада жергілікті дәрігерлер толық медициналық тексеру өткізіп, әрі қарай емделу жөнінде кеңес береді.
Біздің дипломат отандастарымыздың жанында және оларға қажет барлық көмекті беріп жатыр. Зардап шеккен азаматтардың туыстарына оқиға туралы хабарланды, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі Telegram-арнасында.
Қазақстанның Италиядағы елшілігімен +390636301130 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Жол-көлік оқиғасы сәрсенбі күні таңертең Сиена — Флоренция тасжолында болған. Автобус жолдан шығып кетіп, биіктен оң жаққа аударылған. Оқиға салдарынан Ресейдің бір азаматы қайтыс болды. Зардап шеккендердің арасында Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Грузия, Молдова және Румыния азаматтары бар.