Үкімет отырысының кулуарында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты.
Бірінші кезекте, сіздер білесіздер, Академиялық адалдық лигасының жұмысы бар. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Оған 12 ЖОО қатысып жатыр, тағы 10-нан астам ЖОО — соған өтуге кандидат. Біріншіден, бұл — әрине, емтихандарды «көзсіз тексеру», яғни жазбаша емтихандардың көбеюіне мейлінше ықпал ету. Тест сипатындағы емтихандардан бас тартқымыз келеді, — деді Күләш Шәмшидинова.
Министрдің айтуынша, ведомство жоғары білім беру жүйесін электрон форматқа түгел көшіргелі отыр.
Диплом берудің өзі электрон форматта болады, қатаң бақыланады. Сауалнама алу жүйесі жүргізіле береді, одан бөлек, жоғары оқу орындарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа курс енгізіледі. Біз бұл жұмысты бастадық. Биыл сауалнама жүргіздік, балалардың 70%-дан астамы жемқорлыққа жолықпадық деді, бірақ қалған пайызы біздің бәрімізді алаңдатуы керек, біз бұл бағытта жұмыс істейміз, — деді Білім және ғылым министрі.