Биыл опера әншісі, композитор, театр және кино актеры, педагог, Қазақ КСР xалық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл толды. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры 85-ші мерейтойлық маусымын бірегей дауыс иесінің шығармашылығымен қорытындылап отыр.

«Опера Арнау». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Концертте театр симфониялық оркестрі мен хорына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Мүсілім Әмзе жетекшілік етті. Кеш режиссеры — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазина. Театр солистері Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», Мұқан Төлебаевтың «Біржан — Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Ғазиза Жұбанованың «Еңлік — Кебек», Сыдық Мұxамеджановтың «Айсұлу», «Ақан Сері — Ақтоты», Еркеғали Раxмадиевтің «Қамар сұлу», «Алпамыс» операларындағы және тағы басқа арияларды орындады.

«Опера Арнау». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Опера Арнауға» ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева, Дина Дүтмағамбетова, Балапан Жұбаева, Болат Бөкенов, Талғат Күзембаев, Андрей Трегубенко, Болат Жомартов, xалықаралық байқаулардың лауреаттары Нұржан Бажекенов, Олег Татамиров, Оксана Давыденко, Дулат Тоқанов, Есенгелді Рза, Зарина Алтынбаева, Болат Қанағатов, Балуан Беркенов, Нәдия Наденова, Жадыра Амановалар қатысты.

«Опера Арнау». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сонымен қатар опера кешінде Ғарифолла Құрманғалиев атындағы конкурстың лауреаты Ідірбай Байбақты әйгілі «16 қыз» әнін орындады. Көрермен артистің орындау шеберлігіне сүйсіне қол соқты.

Ідірбай Байбақты. «Опера Арнау». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кеш көрермендерінің арасында Германиядан келген бір топ турист те болды. Олар опера кешінен алған әсері жайлы айтты.

Қазақстанға да, қазақ операсына да бірінші рет келдік. Қазақ операсы жөнінде көп білмегендіктен ариялардың біразын дұрыс түсінбедік. Бірақ орындаушылардың әуезді дауысы мен көз жауын алатын костюмдеріне тәнті болдық. Концерттің жергілікті артистің құрметіне ұйымдастырылғаны түсінікті. Ол туралы толығырақ білгіміз келіп, бағдарламаны да сұрап алдық. Демалысымызда осындай керемет өнер туындыларын көргенімізге қуаныштымыз, — дейді неміс туристері.

«Опера Арнау». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ғарифолла Құрманғалиев — қазақ халқының белгілі өнерпазы, ән өнерінің ірі қайраткері, Батыс Қазақстан облысының вокал-аспап дәстүрлерінің бірден-бір сақтаушысы, терме мен желдірменің қайталанбас орындаушысы. Сонымен қатар ол әртүрлі мінезді кейіпкердің партияларын өзіндік қызуқанды орындаушылық ерекшелігімен, қайталанбас қырларымен айшықтап берді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!