Ресейдің «Первый канал» телеарнасы «Голос. Дети» жобасының 6-маусымы финалының нәтижесін жойды. Тексерудің аралық нәтижесінде дауыс беру кезінде сыртқы әсердің болғаны расталды. Бұл туралы мәлімдеме телеарнаның сайтында жарияланды.
«Голос. Дети» жобасының 6-маусымының финалы аяқталғаннан кейін «Первый канал» кибершабуылдарды болдырмау мен күрделі цифрлық тергеу жұргізу саласына маманданған Group-IB компаниясынан көрермен дауыс беруі кезінде заңсыздықтардың болған-болмағанын анықтауды сұрады. Тексерудің аралық нәтижесі дауыс беру кезінде шоудың қорытындысына әсер еткен сыртқы араласудың болғанын растады. Group-IB қорытынды есепті мамырдың соңында ұсынады, бірақ «Первый канал» аралық нәтиженің өзіне сүйеніп, «Голос. Дети» жобасының 6-маусымы финалының нәтижесін жоққа шығаруды ұйғарды, — делінген мәлімдемеде.
Телеарнаның хабарлауынша, аудит әлдекімге айып тағу емес, дауыс беруге жасанды ықпал ету дерегін анықтауды ғана мақсат еткен. Сол себепті «Первый канал» 24 мамырда тележобаның барлық финалисі қатысатын арнайы көрсетілім ұйымдастырғалы отыр. Сонымен бірге хабар таратушы Group-IB мамандарымен бірге келесіде мұндай жағдайды болдырмаймыз деп отыр. «Голос» жобасының келесі маусымына дейін дауыс беру механизмі жаңартылады.
Еске салайық, «Первый канал телеарнасындағы «Голос. Дети» жобасының 6-маусымының қорытындысы үлкен жанжалға айналған еді. Тележобаның финалында әнші Алсудың қызы Микелла Абрамованың жеңіске жетуі көпшіліктің наразылығын туғызды. Байқауда қазақстандық Ержан Максим тамаша өнер көрсетті деп есептейтін көрермен бағдарламаға бойкот жариялады. Ресейдің Максим Галкин, Валерий Меладзе, Иосиф Пригожин, Станислав Садальский, Алла Пугачева сияқты танымал өнер қайраткерлері де байқау финалы әділ болмады деген пікір білдірді.
Ержан Максим «Голос. Дети» байқауында жеңімпаз болмағанына өкінбейтінін, керісінше, бұдан соң танымал бола түскенін айтты. Ол, тіпті, Микелла Абрамовамен бірге ән де жазды.