Картина Ағатай қарт пен бала Нуни туралы. Қарттың әйелі мен баласы біраз жыл бұрын көз жұмған. Ол жалғыз тұрады, шаруашылықпен айналысады, кең даланы мейлінше қорғайды. Ағатай қарт балалар үйінен қашып кеткен Нуниді бауырына басады. Ол әке жолын жалғайтын бала болып өседі. Бірақ Нуни үйленетін күні күтпеген жағдай болады.

Фильмде Ағатай ролінде Асанәлі Әшімов, Нуни болып Нұрмұхаммед Асқар ойнайды. Түсірілім тобы кинокартинаны «Полемика клубының» мүшелерімен бірге тамашалап, көрерменнің лебізін тыңдады, сұрақтарға жауап берді.

Асанәлі Әшімов маған тәубеге келтіретін фильм түсіргісі келетінін айтты. Осы жасында өзінің ойын, ол өмір сүрген буынның бүгінгі ұрпаққа көзқарасын, ұстанымын, уайымын көрерменге фильм арқылы жеткізгісі келді. «Әруақ» Асанәлі Әшімовтің дара болмысын көрсететін туынды деуге болады. Себебі ол — екі ұлынан айырылса да, өмірге деген құштарлығы мен көзқарасын өзгертпеген жандардың бірі, — дейді режиссер Қуат Ахметов.

«Әруақ» көрерменге Асанәлі Әшімов рольдерімен жақсы таныс фильмдердің жалғасы ретінде түсірілді. Бұл туралы фильм идеясы авторының өзі айтты.

Ағатай — әлемнің адамы. Ол көп тіл біледі, түрлі мемлекетті аралаған, шаруашылықпен айналысады. Біз «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» «Манчьжур нұсқасы», «Сіз кімсіз, Ка мырзаның?» жалғасы ретінде фильм түсіргіміз келді. «Атаманның ақырында» кейіпкер 30 жаста еді, енді ол 80-ге келді. Адамның тағдыры туралы дәл осындай материал керек болды. Мен бар ойымды фильмде айттым деп ойлаймын, — деді КСРО халық артисі.

"Әруақ" фильмі
Фото: Kazakhfilmstudios.kz

Асанәлі Әшімовтің айтуынша, фильмнің атауы бас кейіпкер — Ағатайдың болмысын ашып тұр. Бірақ Қуат Ахметов алғашында картинаны бұлай атағысы келмеген.

Әруақ мен үшін тым үлкен ұғым болып көрінді. Сосын мен бұл сөзді тереңірек түсінуге тырыстым. Кейін «Әруақ» атауы фильмге сай екеніне көзім жетті. Басты рольдегі қарт ата-баба жолымен, сол кездің заңдарымен өмір сүреді, яғни, әруақтардың жерінде өмір сүреді, — деді режиссер.

Фильмде Азат Сейтметов, Гүлнәр Досматова, Нұржан Әбубәкір, Жасұлан Көпбергенов пен Томирис Жанғазинова да ойнайды. Көрермен режиссердан фильмде Нуни ролінде ойнаған актерды қалай тапқанын сұрады.

Нұрмұхаммед Асқарды фильмнің ассистенті әрі екінші режиссеры Еркебұлан Тасыновтың арқасында таптық. Ол тойларда ән айтады, би билейді. Картинадағы кей эпизод оның түсірілім алаңындағы қылықтарының негізінде туындады. Түсірілім алаңында Нұрмұхаммедтің өлең айтып, билеп жатқанын көрдім. Оның дәл сол істегенін қайталауды өтініп, түсіріп алдым, — дейді режиссер.

Түсірілім қаланың сыртында, Қапшағай маңайында өтсе де, ең кішкентай кейіпкер үшін өте қызық болған. Бұл туралы Нуни роліндегі Нұрмұхаммед Асқар айтты.

Мен үшін түсірілім өте қызық әрі ерекше өтті.  Маған өз ролім ұнады. Фильмде Асанәлі Әшімов менің әкем болып ойнайды, ол мені асырап алады. Мен оны жақсы көріп, бірақ оған соны жеткізе алмай қаламын, — дейді Нұрмұхаммед Асқар.

Фильмді тамашалағандар түсірілім тобына алғыс білдірді. Олардың айтуынша, бүгінгі көрермен көпті көрген кісінің кішіге тәлімі туралы мазмұндағы кинотуындыларға зәру.

Көрермен Асанәлі Әшімовтен тағы қандай идеясы барын, жас буынға нені жеткізгісі келетінін сұрады.

Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бірақ келесі туынды ұлттық қауіпсіздік қызметкері туралы болғанын армандаймын. Сюжет бойынша чекист 40 жылдан кейін еліне оралады. Ары қарай ол не істейді, оқиға қалай өрбиді — осыны ойлап жүрмін, — деді Асанәлі Әшімов.

«Әруақ» фильмі былтыр XIV халықаралық Еуразия кинофестивалінің ашылуында көрсетілді. Көрермен туындыны 16 мамырдан бастап кинотеатрлардан тамашалай алады.

 

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!