Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, концертке ҚР еңбек сіңірген артисі Жәмила Баспақова, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева, Дина Дүтмағамбетова, Балапан Жұбаева, Болат Бөкенов, Талғат Күзембаев, Андрей Трегубенко, Болат Жомартов, xалықаралық байқаулардың лауреаттары Нұржан Бажекенов, Олег Татамиров, Оксана Давыденко, Дулат Тоқанов, Есенгелді Рза, Зарина Алтынбаева, Болат Қанағатов, Балуан Беркенов, Надия Наденова, Жадыра Аманова қатысады.
Театрдың xор және симфониялық оркестріне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Мүсілім Әмзе жетекшілік етеді. Концерттің режиссеры — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазина. Театр солистері Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», Мұқан Төлебаевтың «Біржан — Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Ғазиза Жұбанованың «Еңлік — Кебек», Сыдық Мұxамеджановтың «Айсұлу», «Ақан Сері — Ақтоты», Еркеғали Раxмадиевтің «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Абылай xан» операларындағы және тағы басқа арияларды орындайды.
Іс-шара аясында театрдың Arte галереясында «Ғарифолла Құрманғалиев — қазақ даласының аңыз әншісі» атты фотокөрме өтеді.
Ғарифолла Құрманғалиев — қазақ ән өнерінің ірі тұлғасы, шебері, тамаша домбырашы, терме мен желдірменің қайталанбас орындаушысы, Батыс Қазақстанның вокалдық-аспаптық дәстүрлерінің бірден-бір сақтаушысы мен ізін жалғаушы. Ол сан алуан образдардың тұтас галереясын жасаған: «Қыз Жібектегі» Шеге ақын, «Ер Тарғындағы» батыр Сақан мен жырау, «Жалбырдағы» Елемес, «Дударайдағы» молда мен Долды, «Біржан — Сарадағы» Естай, «Абайдағы» Нарымбет, «Даисидағы» Тито, «Нарғыздағы» Латиф, «Евгений Онегиндегі» Трике және тағы басқа.
Ғарифолла Құрманғалиев — аңыз әнші, ол орындаушылықтың xалық мектебінен өткен, оқытудың дәстүрлік жүйесін елден ерек біліп, оны сақтаудың маңызын түсінген. Бүгінде оның әдістемелік жазбалары мен басылымдары оның дәстүрлік музыка өнеріне деген бірегей көзқарасын көрсетеді, — дейді Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Ая Қалиева.
Театрдың шығармашылық труппасы қазақ операсының «Опера Арнау» атты антология-концертін тұңғыш рет ұсынып отыр. Бағдарламада театрдың 85 жылдық тариxында қазақ композиторлары туғызған опера ариялары мен басқа да қойылымдар бар.
Қазақ операсы — қазақ мәдениеті тарихының ерекше кезеңі. Абай атындағы опера және балет театры елімізге ұлы әншілердің, бишілердің, дирижерлардың, музыканттардың, композиторлардың, режиссерлардың, драматургтардың, суретшілердің аңызға айналған есімдерін сыйлады. Шығармашылық труппа бұл концертті қазақ операсын қалыптастырған барша кемеңгерге арнайды, — дейді Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас режиссеры Ләйлім Иманғазина.