Energyprom.kz мамандарының мәліметінше, ең жоғары жалақы тау-кен саласы жұмысшыларында. Олар орташа есеппен 401,1 мың теңге жалақы алады, (былтырғыдан 9,5%-ға көп) еңбекақының бір жылдағы нақ өсімі — 4,3%.
Өңдеуші сектор жұмысшыларының орташа жалақысы әлдеқайда төмен: 189,2 мың теңге (бір жылда 9,9%-ға, жалақының сатып алуға жарамдылығы 4,7%-ға өскен).
Электрмен қамту саласының жұмысшылары орташа есеппен 157,4 мың теңге жалақы алады (өсім — 1,3%), сумен қамту саласы жұмысшыларының орташа жалақысы — 118,1 мың теңге (өсім — 7,2%).
Тау-кен саласы бойынша ең жоғары орташа айлық жалақыны шикі мұнай мен табиғи газ өндірушілер алады: 785,2 мың теңге, бұл орташа республикалық деңгейден (168,5 мың теңге) 4,7 есе және тау-кен өнеркәсібіндегі орташа жалақыдан 3,2 есе көп. Екінші орында — саланың техникалық қызмет жұмысшылары, олар 421,9 мың теңге алады. Үштікке көмір мен лигнит өндірушілер де кіреді, олардың жалақысы — 281,4 мың теңге.
Тау-кен саласындағы жоғары жалақы Батыс Қазақстан облысында тіркелген. 2019 жылдың 1-тоқсанында орташа атаулы жалақы 1,2 миллион теңге болды, еңбекақы бір жылда 11,7%-ға өскен, көрсеткіш Қазақстандағы орташа жалақыдан 7,1 есе көп.
Екінші орында Нұр-Сұлтан тұр, мұнда тау-кен саласы жұмысшылары орташа есеппен 1,1 миллион теңге алады, жылдық өсім — 8,1%. Үштікке Атырау облысы да кіреді, өңірдегі тау-кен саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы — 920,2 мың теңге, бұл былтырғыдан 14,3%-ға көп.
Тау-кен саласындағы жалақының бір жылда ең көп өсуі Жамбыл облысында тіркелген, саладағы орташа жалақы — 185 мың теңге, былтырғыдан 34,2%-ға көбейген.