Демікпеге қарсы күрестің дүниежүзілік күні 1988 жылдан бері жыл сайын мамыр айының алғашқы сейсенбісінде аталып өтеді. Биыл бұл 7 мамырға түсіп тұр. Бұл күн демікпемен сырқаттанушылар санының арту мәселесіне жұртшылық назарын аударуға, демікпеге көмек көрсету сапасын арттыруға және адамдардың бұл ауру туралы хабардар болуына бағытталған.
Бронх демікпесі — ересектердің 5%-ы және балалардың 10%-ы зардап шегетін ең көп тараған созылмалы аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша бүкіл әлемде 235 миллион адам демікпемен ауырады.
Демікпе аса жұқпалы аурулардың қатарына жатады. Бұл — өкпенің тыныс жолдарының қабынуы мен тарылуына тән созылмалы ауруы. Бұл дерт аурудың жиілігі бойынша жүрек ауруларынан, инсульттан, қатерлі ісіктен және диабеттен кейін бесінші орында тұр, — дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, дәрігер Бақыт Түменова.
Ауру белгілері — тынысалудың қиындауы, жөтел, тынысалу жолдарының тарылуы, бронх бұлшықетінің дамуынан (бронхоспазм) олардың ісінуі және тұншығу. Дәрігердің айтуынша, бронх демікпесін анықтау қиын.
Оны жіті және созылмалы бронхиттермен, өкпенің созылмалы обструктив ауруымен, өкпенің қабынуымен, туберкулезбен, басқа да респираторлық, неврологиялық немесе қан тамырлары ауруларымен оңай шатастыруға болады. Дәл диагнозды жедел дем шығару көлемін өлшеу, бронх секреті анализі, аллергологиялық тексеру және тағы басқа талдаулар негізінде қоюға болады. Алайда бронх демікпесін диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерінің арқасында бақылап, дұрыс таңдалған ем қолданса, пациент ауру симптомдарынан арылуы мүмкін, — дейді маман.
Қазақстанда демікпемен ауыратын адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, демікпемен сырқаттану 100 000 адамға шаққанда 56,3 жағдайда тіркелген. Бұл 10 000-ға жуық адамның демікпемен ауыратынын көрсетеді. Бірақ бірінші халықаралық эпидемиологиялық зерттеу CORE-нің нәтижесі бойынша ТМД елдерінің аумағында респираторлық аурудың таралуы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми көрсеткішінен 17 есе көп.