“Шереметьево” әуежайындағы апат кезінде 41 адам қайтыс болды

5 мамыр күні Мәскеуден Мурманскіге бағыт алған Sukhoi Superjet 100 ұшағы көкке көтерілгеннен кейін көп ұзамай әуежайға оқыс қонды да, жанып кетті.

"Шереметьево" әуежайындағы өрт. Фото: Kp.ru

Мәскеудің “Шереметьево” әуежайындағы апат салдарынан 40 жолаушы мен экипаждың бір мүшесі қайтыс болды.

Бұл туралы “РИА Новостиге” РФ Көліктегі тергеу комитетінің Мәскеу өңіраралық басқармасы басшысының аға көмекшісі Елена Марковская хабарлады.

Бұған дейін әуежайда Sukhoi Superjet 100 ұшағының өртенуінен 13 адамның қаза тапқаны хабарланған еді. “Аэрофлот” компаниясының сайтында ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі жарияланды. Тергеу комитетінің мәліметінше, бортта болған 78 адамның 37-сі аман қалды, оның төртеуі – экипаж мүшесі.

“Шереметьево” әуежайында төтенше оқиға 5 мамыр күні болды. Мәскеуден Мурманскіге бағыт алған Sukhoi Superjet 100 ұшағы көкке көтерілгеннен кейін 28 минуттан соң әуежайға шұғыл оралып, оқыс қонды. Қолайсыз ауа райына байланысты ұшақ екінші әрекеттен соң барып әрең қонған. Қону кезінде көліктің тіреулері сынып, двигателі өртенген. Оқиға орнынан түсірілген видеода жолаушылардың үрмелі траппен жанұшыра сыртқа шығып жатқаны көрінеді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!