Ардагер Қамбар Сәрсеннің фашизмге қарсы соғыстағы жеңіске қосқан үлесі зор. Ол 1942 жылы 9-сыныптан кейін соғысқа аттанып, Балтық жағалауы және Белоруссия майдандарына қатысқан.

Майданда 51-атқыштар дивизиясының 30-барлау ротасында барлаушы болдым. Жау берілгеннен кейін біз Польшада ұлтшылдармен екі ай соғысып, жеңіске жеттік. Бірақ «енді үйге ораламыз» деп жүрген бірқатар майдандасым осы кезеңде оққа ұшты, — дейді ардагер Қамбар Әмірұлы.

Қамбар ақсақал майданда үш рет жараланып, 1945 жылы соғыс біткен соң елге оралды.

Ал 1941 жылы майданға өз еркімен барған Александр Колесников Мәскеу үшін шайқасқа, Минскіні азат етуге қатысқан. Польшадағы соғыс кезінде ол ауыр жарақат алып, ІІ топтағы мүгедек атанады. Денсаулығына байланысты соғыс бітпей тұрып елге оралуға мәжбүр болады.

Александр Колесников. Фото: Денис Петрашов

Майданнан кейін Александр Колесников Барнауылдағы политехникалық институтта оқып, білім алады. Кейінгі жылдары Шымкентте кәсіподақтардың облыстық комитетінің төрағасы болады. 1972 жылы майдангер Алматыға көшіп, Көлік жолары министрлігінде жұмыс істейді. Қазір оның төрт баласы мен төрт шөбересі бар.

Қамбар Сәрсен мен Александр Колесников биыл соғыстан кейінгі 74-ші көктемін, 74-ші Жеңіс күнін қарсы алып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 2019 жылдың 1 сәуірінде 1 455 соғыс ардагері есепке алынған.  

Ұлы Отан соғысына қатысушылар және ҰОС мүгедектері — 1455;

Ұлы Отан соғысына қатысушыға теңестірілгендер — 22 193;

Ұлы Отан соғысы мүгедегіне теңестірілгендер — 16 655.

Айта кетейік, 2019 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың саны тағы 30 адамға азайып, 1 425 болды. 

Фото: Денис Петрашов

Ардагерлерге қанша көлемде жәрдемақы беріледі?

1999 жылғы 5 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заң бойынша 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген тұлғаларға жыл сайын табыс көздеріне және басқа әлеуметтік төлемдерге қарамастан мынадай мөлшерде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді:

Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне 40 400 теңге;

Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендерге 15 630 теңге;

Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілгендерге 19 064 теңге (2019 жылғы көрсеткіш).

Жергілікті атқарушы органдар ардагерлерге қолдау көрсету және оларға құрмет таныту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі. Әкімдіктер өз бюджетінің мүмкіндігіне қарай біржолғы ақшалай төлем мөлшерін дербес белгілейді.

Ең үлкен сома — 542 мың теңгені Шығыс Қазақстан облысында тұратын ардагерлер алады. Нұр-Сұлтанда тұратындар 519 мың теңге, Ақмола және Павлодар облыстарындағы ардагерлер шамамен 500 мың теңге алады. Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында төлем мөлшері — 300 мың теңге. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сонымен бірге Алматы мен Шымкентте шамамен 250 мың теңге қарастырылған. Қызылорда облысында ардагерлерге 202 мың теңгеден, Қостанай және Жамбыл облыстарында 150 мың теңгеден беріледі.

Бұған қоса, соғыс мүгедектері шипажайлар мен курорттарға емдеуге жіберіледі, протездермен, ортопедия бұйымдарымен, протездеу қызметтерімен, сурдоқұралдармен және басқа да компенсаторлық қосалқы құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен, кресло-арбалармен және дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

Жеңістің 74 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының 88 862 ардагеріне жалпы сомасы 2,6 миллиард теңге болатын біржолғы материалдық көмек төленеді.

Барлық жеңілдік пен материалдық көмек және көмектің басқа да түрлері «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуiрдегі заңының 20-бабына сәйкес іске асырылып жатыр, — дейді Baribar.kz-тің ресми сауалына жауап қайтарған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!