Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде еліміздің әр азаматы ұлттық ерекшелігіне қарамастан өзін үлкен тату отбасының мүшесі ретінде сезінеді және әралуандықтың бірлікте болуы - мемлекет саясатының негізі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ел азаматтарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Президент Республика сарайы алдындағы Абай алаңында мерекелік іс-шараға қатысты.

Алаңға көрнекті қайраткерлер, жастар мен түрлі этнос өкілдері жиналды. Сахнада Қазақстан эстрадасы жұлдыздары өнер көрсетті. Содан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

Құрметті достар, қаламызда бұрыннан әралуан ұлт пен этника тобының өкілдері тұрады. Олардың бәрі бейбітшілік пен келісімді, өзара құрметті, мәдениеттер мен дәстүрлердің алмасуына елеулі үлес қосты. Бірлік пен келісім – халқымыз ең қиын-қыстау кезеңнің өзінде сақтай білген құндылықтар. Өзара құрметтің, ауызбіршілік пен жасампаз еңбектің арқасында біз тәуелсіздігімізді нығайтып, экономикада айтарлықтай жетістікке жете алдық. Елімізді бүкіл әлем біліп, құрметтейді. Бүгінде әрбір қазақстандық этникалық ерекшелігіне қарамастан өзін үлкен ортақ отбасының мүшесі ретінде сезінеді. Әралуандықтың бірлігі – саясатымыздың мәні, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірліктің, еңбексүйгіштік пен табандылықтың арқасында ғана мықты, гүлденген мемлекет құруға болатынын еске салды.

Бәріңізді, ең әуелі, жастарды 1 мамыр – Бірлік күнімен құттықтаймын! Әрқайсыңызға бақыт, амандық, жаңа табыс тілеймін. Қаламыз, ерекше қаламыз, Алматымыз гүлдене берсін! – деді Қазақстан Президенті.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға келген еді. Ол “Бақытты отбасы” аналар орталығында, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында және урбанистика орталығында болды. Президентке цифрлық геоақпарат орталығының, “Алматы бас жоспары” ғылыми-зерттеу институтының, Алматыны дамыту орталығының, Open Almaty қоғамдық қабылдауының жұмысы туралы Алматы индустрия аймағындағы инфрақұрылым жобалары туралы ақпарат берілді.