Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда көпбалалы аналармен кездесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында «Бақытты отбасы» көпбалалы аналарды қолдау орталығында болды.

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, бұл орталықта әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға өмірлік мәселелер бойынша «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіледі. Мұнда кез келген әйел келіп, заң, психология жөнінен кеңес ала алады. Орталықта компьютерлік сауат ашып, түрлі курстан өтуге де болады.

Бүгінде Алматыда 14,5 мың көпбалалы отбасы тұрады, оның 5 мыңы әлеуметтік жағынан аз қамтылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Алматыда көпбалалы аналарды әлеуметтік қорғау жағынан бірқатар шара қолға алынған.

1 сәуірден бастап Алматының халыққа қызмет көрсету орталықтарына атаулы әлеуметтік көмек алуға 23 мың адам келген. Тұрмысы нашар отбасылардан 3,7 мың өтінім түсті. Бүгінде 923 отбасыға осы көмек түрі берілді.

Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге орталықта Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев болды.

Президент әйелдерге бақыт пен денсаулық тіледі.

Бұл — өте жақсы орталық. Келешекте ол жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2019 жылы азаматтарды әлеуметтік қорғауға 15,5 миллиард теңге бөлінді, қаражат әлеуметтік жағынан аз қамтылған 95,5 мың адамды қолдауға бағытталды.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келген еді. Мемлекет басшысы әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап, көпбалалы аналармен, жастармен кездесуді мақсат еткен. Ол Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған іс-шараларға да қатысады.

ДереккөзInform.kz