Президент Алматыдағы кітапханада волонтер жұмысы туралы айтты

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына барды.

Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың зияткерлік орталығы болып қайта құрылған еді. Оpen space форматы бойынша жұмыс істейтін бұл мекемеде электрон ресурстармен, кітап және мерзімді басылымдармен жұмыс істеу, фильмдер көрсету, таныстырылымдар, тренингтер мен конференциялар өткізу қызметі бар. Орталық қаланың кітап қоры 1,8 миллион данадан асатын бірыңғай кітапханалар жүйесіне кіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мен еріктілер қозғалысының өкілдеріне өзінің өмірі мен еңбек жолы туралы әңгімеледі.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеген кезімде волонтерлық жұмысқа көп көңіл бөлдім. Біз көптеген елдің еріктісін жинап форумдар ұйымдастырдық. Қазақстан Парламентінде істегенде волонтерлық туралы заң қабылдадық. Мемлекет тарапынан бұл қозғалысты қолдап, дамыту үшін барлық жағдай жасалып отыр, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада елімізде еріктілердің үлкен форумын өткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Президент бұдан соң Алматының урбанистика орталығында болды. Мемлекет басшысына мұнда цифрлық геоақпарат орталығының, «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының, Алматыны дамыту орталығының және Open Almaty қоғамдық қабылдауының жұмысы туралы ақпарат берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы одан әрі абаттандыру жоспарымен танысып, оңтүстік астананың 3D голографика пішінін қарады.

Қазақстан Президентіне Алматы индустрия аймағындағы негізгі инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндалды. Мұнда жапон, корей, қытай, неміс және басқа да шетел инвестициясы есебінен 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берілген, құны 144 миллиард теңге болатын 39 жоба іске асырылып жатыр. Индустрия аймағында бірнеше жоба орналастырылған. Атап айтқанда, Hyundai Trans Kazakhstan, Falcon Euro Bus, Tokyo Rope Almaty компаниялары, өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, қалдықтарды сұрыптау кешені бар. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.