Басты бетВладимир Зеленский...

Владимир Зеленский Украинадағы Президент сайлауының жеңімпазы деп танылды

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Татьяна Слипачук дауыс берудің соңғы мәліметін жария етіп, Владимир Зеленскийді сайлау жеңімпазы деп хабарлады.

Украинаның сайланған Президенті — Украина президенттігіне кандидат 1978 жылы туған Владимир Александрович Зеленский, білімі жоғары, Киевте тұрады, «Квартал 95» ашық қоғамдық бірлестігінің көркемдік жетекшісі, ешқандай партияға мүше емес, ұсыну субъектісі — «Слуга народа» саяси партиясы, — деді ол.

Татьяна Слипачук Орталық сайлау комиссиясына дауыс берудің нәтижесіне күмән келтірген шағым түспегенін және Орталық сайлау комиссиясы апелляция соттарының бәрінен сайлаудың белгіленген нәтижесіне ықпал етуі мүмкін істің болмағаны туралы хабарлама алғанын айтты. Тек Алтыншы апелляциялық әкімшілік сотқа екі іс келіп түскен, бірақ олар қанағаттандырылмаған. Сайлаудың ресми нәтижесі Президент сайлауының қорытындысы туралы қол қойылған хаттамалар негізінде анықталған. Хаттамаларға Орталық сайлау комиссиясының 16 мүшесінің 15-і және президенттікке кандидаттардың уәкілетті өкілдері қол қойған.

Украина Орталық сайлау комиссиясы жария еткен қорытынды мәлімет бойынша Владимир Зеленский 73,22% дауысқа ие болған. Оған сайлаушылардың 13 миллион 541 мың 528-і дауыс берген. Украинаның қазіргі Президенті Петр Порошенко 24,45% дауысты иеленді, оны сайлаушылардың 4 миллион 522 мың 450-і қолдаған. Сайлау нәтижесінде дауыс беру бюллетеньдерінің 2,31%-ы жарамсыз деп танылды.

Украинаның Президент сайлауы туралы заңы бойынша жаңадан сайланған Президент Жоғарғы Раданың салтанатты отырысында украин халқына ант бергеннен кейін өкілеттікке ие болады, оған Орталық сайлау комиссиясы Украина Президенті куәлігін табыс етеді. УНИАН-ның мәліметінше, жаңа Президентті ұлықтау рәсімі 3 маусымға дейін өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Зеленскийді сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны хабарланған еді. Бұл кезде Украина Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру хаттамаларының 90,25%-ын өңдегеннен кейін доданың екінші турында Владимир Зеленскийдің 73,18% дауыспен жеңіске жеткені алдын ала белгілі болды. Владимир Зеленский сайлаудың бірінші турында да басқаларынан басым түсті.