Украинада президент сайлауының бірінші турының қорытындысы жарияланды

Украинада президент сайлауының бірінші турының ресми қорытындысы жарияланды. Елдің Орталық сайлау комиссиясы сайлау хаттамаларын 100%-ға есептеп шыққан.

Украина Орталық сайлау комиссиясының қорытындысына сілтеме жасаған Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, президенттікке кандидат Владимир Зеленский бірінші турдағы додада 30,24% дауыспен бәрінен озған. Елдің қазіргі президенті Петр Порошенконы азаматтардың 15,95%-ы қолдаған. «Батькивщина» партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко сайлаушылардың 13,4% дауысын, «Өмір үшін» оппозиция платформасының жетекшісі Юрий Бойко дауыстың 11,67%-ын иеленіпті.

Бесінші орында — «Азаматтық позиция» партиясының көшбасшысы Анатолий Гриценко, ол сайлаушылардың 6,91% дауысына, «Сила и честь» партиясының жетекшісі Игорь Смешко сайлаушылар дауысының 6,04%-ына ие болған. Радикал партия басшысы Олег Ляшко ие болған дауыс көлемі — 5,48%.

Украинада президент сайлауының бірінші туры 31 наурыз күні өтті. Алғашқы додада кандидаттардың ешқайсысы жеңіске лайық дауысқа ие болған жоқ. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру барысында елеулі заңсыздықтар болмағанын мәлімдеді. Бірақ полиция сайлау барысындағы заңсыздықтар туралы 2,6 мың хабарламаны тіркеп, олар бойынша 61 қылмыстық іс қозғаған.