Украинадағы Президент сайлауында Владимир Зеленский 73% дауыспен озып тұр

Украинадағы Президент сайлауының екінші турында Владимир Зеленский 73,01% дауыспен алда келеді. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру хаттамаларының 50,18%-ын өңдегеннен кейін осындай мәліметті жария етті.

Еxit poll мәліметі бойынша да Владимир Зеленский жеңіске жетіп отыр.

Петр Порошенконы сайлаушылардың 24,65%-ы ғана қолдаған. Бірақ елден тыс сайлау учаскелеріндегі хаттамалардың 86,13%-ын өңдеу нәтижесінде оның 54,12% дауыспен алда келе жатқаны белгілі болды. Шетелдерде Владимир Зеленский 44,39% дауысты иеленген.

Президент сайлауының ресми қорытындысы 30 сәуірде жария болады.

Еске салайық, Украинадағы Президент сайлауының бірінші туры 31 наурызда, екінші туры 21 сәуірде өтті.