Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмекке қатысты заңға қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойды.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы аумағында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі мен таратылуының құқықтық негіздерін айқындайтын жаңадан қабылданған «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, — делінген Ақорданың сайтында жарияланған хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге қолданыстағы заңнаманы жаңадан қабылданған «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңға сәйкестендіруге, атаулы әлеуметтік көмек тетіктерін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестициялар тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға да қол қойды.

Бұл заң атаулы әлеуметтік көмек беру критерийін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ынан 70%-ына дейін көтереді. 1 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан және Маңғыстау облысынан басқа өңірлерде әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасылардың әр баласына берілетін ең төменгі төлем 20 789 теңгеге дейін арттырылады.

Мүгедек бала бағып отырған ата-аналарға және бала кезінен І топтағы мүгедекке күтім жасап отырған азаматтарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы көлемі 30%-ға ұлғаяды. Құжат атаулы әлеуметтік көмектің дұрыс әрі тиімді тағайындалуына бақылауды күшейтеді. Сонымен бірге бұл заң білікті педагогтар, дәрігерлер мен басқа да бюджет мекемелері қызметкерлерінің «7-20-25» бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы жарналарын жергілікті бюджеттен ішінара субсидиялау тетіктерін қарастырады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.