Басты бетЖаңалықтарЖалпыұлттық социал-демократиялық...

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Президент сайлауына қатыспайды

Алматыда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия XIV съезін өткізіп, кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ұсыну мәселесін талқылады.

Партияның саяси кеңесі ұйым президиуымының мүшесі, журналист Ермұрат Бәпиді президенттікке кандидат ретінде ұсынған еді. Дауыс беру алдында съезд делегаттары пікір білдірді. Партия мүшелері екіге жарылды. Бірі Ермұрат Бәпидің кандидатурасын қолдаса, бірі сайлауға қатысудан бас тарту қажет екенін айтты.

Мені ұсынғандарыңызға рақмет. Мен бұдан гөрі анағұрлым шешуші сипаты бар Парламент сайлауына дайындалуды ұсынамын, ол халықтың, біздің сайлауымыз болады. Мен Қазақстанның дамуына басқаша да үлес қосқан болар едім. Біз Парламент сайлауына дайындалуымыз қажет деп ойлаймын. Мен бұл сайлауға түспеймін. Сондай шешім қабылдадым, — деді Ермұрат Бәпи.

Бұдан соң съезд делегаттары дауыс берудің нәтижесінде ЖСДП-ның сайлауға қатыспайтыны жөнінде шешім шығарды.

Ермұрат Бәпи 1959 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. 1985 жылы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған.

ДереккөзTengrinews.kz