Мазмұнға өту
Басты бет / Басты /

Рамазан айы туралы 15 сұрақтың жауабы

Иллюстрация: Dribbble.com ©Jessica Ciccolone
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Оразаға қатысты 200 сұрақ» деген жинақ кітапша шығарды. Бұл шағын кітапшада қасиетті Рамазан айына қатысты көпшілікті толғандырған сұрақтардың жауабы топтастырылған. Baribar.kz кітапшадан ауыз бекіту, оразаға ниет ету және сәресіге қатысты 15 сұрақтың жауабын теріп алып, ұсынып отыр.

1. Рамазан оразасы кімдерге парыз?

Рамазан оразасын ұстайтын адам мынадай болуы шарт:

  • мұсылман болуы;
  • балиғат жасына толуы;
  • ақыл-есі дұрыс болуы;
  • ораза ұстауға күші жетуі;
  • тұрғылықты жерінде болуы (сапарда болмауы).

2. «Рамазанда шайтандар байланады» деген хадис бар екен. Онда ораза айында адамдар неліктен жаман ісінен тыйылмайды?

Бұл айда шайтандар шынжырланады. Бұл – адам үшін үлкен ескерту. Азғырушы шайтан кісенделген уақытта адам ораза тұтпағанына және құлшылық қылмағанына ешбір сылтау айта алмайды. Демек, шайтан шырмауда тұрса да, адамның нәпсісі азғыруы мүмкін. Олай болса, ораза – нәпсімен күресу және оны тәрбиелеу айы.

3. Ауызашар алдында қандай дұға оқылады?

Ауызашар дұғасы мынадай: «Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту, уә ъәләйкә тәуәккәлту, уә ъәлә ризқикә әфтарту, фағфир ли мә қаддәмту уә мә аххарту».

Мағынасы мынадай: «Раббым Алла, Сен үшін ораза тұттым. Саған иман келтірдім. Саған тәуекел еттім және Сен нәсіп еткен ризықпен аузымды аштым. Менің өткен және кейінгі күнәларымды кешіре гөр».

4. Ауыз ашуға асығуға бола ма?

Құдси хадисте: «Менің ең жақсы көретін құлдарым – ауыз ашуға асыққандар», – делінсе (Тирмизи), басқа бір хадисте: «Адамдар ауыз ашуға асыққан сайын жақсылықта болады», – делінген (Мүслим). Сондықтан ауыз ашуға асығу дінімізде ұнамды амалға жатады.

5. Ауызды уақытынан кешіктіріп ашқан адамның оразасы дұрыс бола ма?

Имам Шафиғи бір сөзінде: «Күннің батқанын анық білінгеннен кейін ауыз ашуды кешіктіріп, өзінің осы әрекетін абзал көрген адам хадистерге қайшы амал жасағандықтан, онысы мәкрүһ болмақ. Түнде ораза ұстау дұрыс емес. Ал кешіктіруді абзал деп ойламаса (жағдайға байланысты ауызашарды кешіктірсе), ағаттығы жоқ», – деген (Имам Шафиғи, «Әл Умм»). Дегенмен ауызашарды кешіктірген адамның оразасы дұрыс саналады. Сонымен қатар ауызашар уақыты кіргенде жол жүрсе, бір жұтым сумен не бір түйір құрмамен болса да кешіктірмей ашқаны жөн.

6. Рамазан оразасына ниет етудің үкімі мен уақыты қандай?

Оразаның кез келген түрі үшін ниет ету шарт. Рамазан оразасына ниет ету ақшам намазынан басталып, ораза ұстайтын күннің таң уақыты кіргенге дейін жалғасады.

7. Рамазан оразасының әр күніне бөлек ниет ету шарт па, әлде айдың басында ниет еткен жете ме?

Оразаның әрбір күні — өз алдына бөлек ғибадат. Сондықтан әр күнге жеке ниет ету шарт. Фиқһ ғалымдары бір күннің оразасын бұзу басқа күндердің оразасын бұзбайтынын айта отырып, Рамазан оразасының әр күніне жеке-жеке ниет ету қажет деген тұжырымға тоқтаған.

8. Ораза ұстауға қалай ниет етіледі?

Оразаға былай ниет етіледі: «Нәуәйту ән асумә саумә шаһри рамаданә минәл фәжри иләл мәғриби халисан лилләһи таъалә». Мағынасы: «Алланың разылығы үшін рамазан айының оразасын таңнан кешке дейін ұстауға ниет еттім».

9. Рамазан оразасының қазасын өтеуге қалай ниет етеміз?

Мойнында бір күндік немесе одан артық Рамазан оразасының қазасы бар адам бұл оразалардың қазасын өтегенде: «Мойнымдағы қазалардың ең алғашқысын (немесе ең соңғысын) өтеуге» деп ниет етеді. «Рамазан айының қаза болған оразасын таңнан кешке дейін өтеуге ниет еттім» деп айтуына да болады.

10. Аузымды ашамын деп ниет етіп, бірақ ашпасам, ораза бұзыла ма?

Аузын ашуға ниет еткен адамның оразасы тамақ ішпегеннен бұзылмайды. Себебі оразаны бұзатын әрекет жасалмады.

11. Сәресіде әуелі су ішу керек пе, әлде ниет еткеннен кейін ішу керек пе?

Ауыз бекіту уақыты – ниет еткеннен кейін емес, таң намазының уақыты кірісімен басталады. Сол себепті сәресі уақыты әлі шықпаса (яғни, таң намазы кіріп қоймаса), қайта су ішуіне болады. Бұл әрекетті алдын ала жасаған ниетті бұзбайды, һәм оразасы дұрыс болып саналады. Десе де ауыз бекітетін уақыт кірмесе, сәресіден кейін пастамен тісін тазалап, су ішіп болған соң ниет етіп, дұғасын жасағаны абзал.

12. Сәресіге ұйықтап қалып, күні бойы ешнәрсе ішіп-жемесе, ораза ұстаған болып санала ма?

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «ашура» күні хабарлаушы кісіге: «Кім бір нәрсе жеп қойса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тамамдасын. Ал ештеңе жемеген адам сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)», – деп жар салуын бұйырды (Бұхари). Демек, сәресіге ұйықтап қалған адам ұйқысынан тұрғанда нәр тартпастан, ниет етіп оразасын жалғастырады. Бастысы, таңертең еш нәрсе ішіп-жемеуі және түске дейін ниет етіп үлгеруі керек.

13. Жалпы сәресіге тұрмай ораза ұстауға бола ма?

Иә, сәресіге тұрмай-ақ ораза тұтуға болады. Алайда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір жұтым су ішсеңдер де, сәресін үзбеңдер. Өйткені Алла Тағала мен періштелер сәресіге тұрғандарға жақсылық тілейді», – деген өсиеті бар. Сәресіге тұрып ас ішу немесе ең болмаса су ішу не құрма жеу күні бойы адамға қуат береді. Ораза ұстап жүргенде түрлі қиындықтың алдын алуға септігін тигізеді.

14. Сәресі уақыты өтіп кеткенде білместікпен ішіп, жеп қойса не болады?

Бұндай жағдайда «оразам бұзылды» деп ойлап, аузын ашып жіберуіне болмайды. Оразасын әрі қарай жалғастырады. Кейін сол күнгі оразаның қазасын өтейді.

15. Сәресіде ұйықтап қалған адам ораза тұтқан болып санала ма?

Сәресі уақытында ниет етпей ұйықтап қалса, таңертең еш нәрсе ішіп-жемесе, түске дейін ниет етуіне болады. Десе де, ең дұрысы - түнде және сәресі уақытында ниет ету.