Биыл Алматыда бірнеше рет жер сілкінді. Қазақстанның бірқатар өңірін су басып жатыр. Осы тұста тұрғындарды үйін сақтандыруға қатысты сұрақтар мазалауы мүмкін.
Baribar.kz тілшісі Amanat сақтандыру компаниясының қызметкерімен сөйлесіп, үйді қалай сақтандыру керек екенін сұрады.
1. Үйді не үшін сақтандыру керек?
Түрлі апат салдарынан адамның үйі толық немесе жартылай бүлініп, қирап қалуы мүмкін. Осындай жағдайда мүліктің иесі қаржылай шығындалады. Адам мүлкін сақтандырып қойған болса, үйге келген шығынның белгілі бір бөлігін сақтандыру компаниясы өтейді. Міне, осыны үйді сақтандыру деп атайды.
2. Адам қандай мүлкін сақтандыра алады?
Адам жылжымайтын және жылжитын мүлкін сақтандыра алады. Жылжымайтын мүлікке үй, ғимарат, зауыт және тағы басқа кіреді. Жылжитын мүлікке тұрмыстағы техника, жиһаз және тағы басқа құнды зат жатады.
Адам мүлкін сақтандыру компаниясына барып, сақтандыруы керек.
3. Үйді неден сақтандырады?
Үйді мына апаттардан сақтандыруға болады:
- өрттен, найзағайдан, жарылыстан;
- жанартаудың атқылағанынан;
- тау қопарылғанынан;
- жер көшкінінен,;
- қар көшкінінен;
- бораннан, құйыннан, дауылдан;
- тасқыннан, бұршақтан, нөсерден;
- желдің қатты соққанынан;
- жер сілкінгеннен және жер сілкінгеннен кейінгі өрттен;
- су, кәріз, жылу, өрт жүйесінің апатынан;
- Үшінші тұлғалардың заңға қайшы әрекеттерінен (бұзақылық, ұрлық, тонау, вандализм);
- 17,1 м/с аса жылдамдықта соққан желдің салдарынан ағаштардың құлағанынан;
- сақтандырылған мүлікті көлік соққанынан.
Осы тізімдегі апат салдарынан сақтандырылған мүлік бүлінсе, компания шығынның белгілі бір сомасын өтейді.
4. Қандай үйді сақтандыра аламыз?
- Үйдің сақтандыру үшін оның фундаменті болуы керек;
- Апаттық жағдайда болмауы керек;
- Жөнделген және құрылысы толық аяқталған болуы керек;
- 1955 жылдан бұрын салынбауы керек;
- Үй ағаштан, саманнан, SIP панельдерден, қамыш панельдерінен салынған болмауы керек.
5. Жер үйді сақтандыруға бола ма?
Жер үйді де, көпқабатты үйді де сақтандыруға болады.
6. "Алматыдан үй алып, сақтандырдым. Бірақ апаттан үйім қирап қалды". Сақтандыру компаниясы шығынымды толық өтей ме?
Сақтандырылған үй қирап қалса, сақтандыру компаниясы шығынның белгілі бір бөлігін өтейді. Сақтандыру төлемінің мөлшері үйдің нарықтағы құнына, оны қашан және неден салынғанына, шаршы метріне және тағы басқа сипатына байланысты белгіленеді.
7. Қандай жағдайда сақтандыру төлемі берілмейді?
Мүлікті адамның өзі бүлдіріп алса, оған сақтандыру төлемі берілмейді.
8. Үйді сақтандыру үшін қандай құжаттар қажет?
Ең әуелі сақтандыру компаниясына барып, өтініш толтыруы қажет. Адам өзімен бірге өзінің жеке куәлігін және үйдің құжаттарын апаруы керек.