«Болашақ» бағдарламасына құжатты қалай тапсырады?

"Болашақ" өтініш беру
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
3 сәуірде “Болашақ” бағдарламасына құжат тапсырыла бастайды. 2023 жылы бағдарламаға құжат төрт рет қабылданады. Бірінші лекке қатысатындардың құжаты 27 қаңтарға дейін қабылданды. Ал екінші кезең 3-28 сәуір аралығында өтеді.
Құжат қабылдаудың үшінші легі 5 маусым мен 7 шілде аралығында, төртінші кезең 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында өтеді. Baribar.kz бағдарламаға қалай қатысуға болатыны туралы негізгі сұрақтарға жауап іздеді.

«Болашақ» бағдарламасы аясында қазақстандықтар магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша білім алады және тағылымдамадан өтеді. Конкурсқа 2023 жылғы 20 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында іріктеледі. 

Биыл магистратура мен резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді. 

1. Бағдарлама қатысудың қанша қадамы бар?

Бағдарламаға қатысу 5 қадамнан тұрады.

1-қадам. Талапқа сай келу.

2-қадам. Құжаттар пакетін жинау.

3-қадам. Құжаттарды көрсетілген мерзімде электрондық үкімет порталы арқылы тапсыру.

4 қадам. Конкурсқа іріктеудің үш турынан өту:

1-кезең – кешенді тестілеу;

2-кезең – тәуелсіз сарапшылар комиссиясы мүшелерімен жеке әңгімелесу;

3-кезең – шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы.

5-қадам. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы сәтті өткен соң, стипендиат немесе оның сенімді тұлғасы стипендия тағайындалған күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ заң қызметі департаментіне барып, оқытуды ұйымдастыру туралы шарт және кепілдік шартын жасасуы қажет. Департаменттің мекенжайы: Астана, Сығанақ к., 70, «Сығанақ» бизнес орталығы, 5-қабат.

Шарттар мерзімінде жасалмаса, стипендиат «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері мәртебесінен айырылады.

2. Бағдарламаға қандай мамандықтар бойынша қатысуға болады?

Бағдарламаның ЖОО-лар тізімінде әлемнің 27 елінің 236 университеті бар. Басым мамандықтар тізбесіне 262 мамандық кіреді. Қатысушылар "Инженерлік-техникалық мамандықтар", "Жаратылыстану ғылымдары", "Медицина", "Әлеуметтік ғылымдар", "Білім" және "Шығармашылық индустрия" бағыттары бойынша қажет мамандықты таңдап, өтініш бере алады. 

Мамандықтар тізімін мына жерден көре аласыз.

3. Бағдарламаға қатысу талаптары

Магистр дәрежесін алуға үміткерлер

  • Ұсынылатын жоғары оқу орындары тізіміне енгізілген шетелдегі жоғары оқу орнынан шартсыз шақырту болуы керек (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • Кемінде В1 деңгейі нәтижесі бар ҚазТест бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификаты болуы керек. Бұл тестіден мына жерден өтуге болады; 
  • Ағылшын тілінен білімін растайтын мына сертификаттардың бірі болуы керек және жалпы балдан кемі мынадай балл жинауы қажет: IELTS: 9.0-ден 6.0, TOEFL: IBT 120-дан 60, PBT/ITP 677-ден 498.

Бағдарлама ұсынатын ЖОО-лар тізімін мына жерден көре аласыз.

Резидентураға үміткерлер

  • Ұсынылатын жоғары оқу орындары тізіміне енгізілген шетелдегі жоғары оқу орнынан шартсыз шақырту болуы керек (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • Кемінде В1 деңгей нәтижесін растайтын ҚазТест бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификаты болуы керек. Бұл тестіден мына жерден өтуге болады; 
  • Ағылшын тілінен білімін растайтын мына сертификаттардың бірі болуы керек және жалпы балдан кемі мынадай балл жинауы қажет: IELTS: 9.0-ден 6.0, TOEFL: IBT 120-дан 60, PBT/ITP 677-ден 498.

Ауылды елдімекеннен шыққан үміткерлер

  • Ауылды елдімекенде кейінгі үш жыл тұрған және ауылды елдімекенде кейінгі екі жыл жұмыс істеген болуы керек;
  • Бакалавр немесе маман дипломының қосымшасы бойынша орташа балы кемінде GPA 3,00 (4.00/4.33-тен) не 5.00-ден 4.00 болуы керек;
  • Кемінде В1 деңгейі нәтижесін растайтын ҚазТест бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификаты болуы керек. Бұл тестіден мына жерден өтуге болады; 
  • Ағылшын тілінен білімін растайтын мына сертификаттардың бірі болуы керек және жалпы балдан кемі мынадай балл жинауы қажет: IELTS: 9.0-ден 5.0, TOEFL: PBT 677-ден 417, ITP 677-ден 417, IBT 120-дан 35, DET 80-нен 160 дейін;
  • Бакалавр дипломы бойынша мамандығы мәндес мамандықтар тізбесіне сәйкес болуы керек.

Магистр дәрежесін алуға үміткер инженер-техникалық қызметкерлері

  • Құжат тапсыру кезеңінде өндірістік процесті (өндіріс, дайындау, сақтау, тасымалдау, өңдеу/қайта өңдеу), оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында, сонымен қатар ұйымдағы тікелей өндірістік қызметті ұйымдастыруды және басқару керек; 
  • «Болашақ» стипендиясы шеңберінде техникалық бағыттағы мамандық бойынша оқу үшін кемінде бір жыл жалпы жұмыс өтілі болуы керек; 
  • Бакалавр/маман дипломы бойынша мамандығы мәндес мамандықтар тізбесіне сай болуға тиіс;
  • Бакалавр немесе маман дипломының қосымшасы бойынша орташа балы кемінде GPA 3,00 (4.00/4.33-тен) не 5.00-ден 4.00 балына сай болуға тиіс;
  • Кемі В1 деңгейін растайтын ҚазТест бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификат болуы керек. Бұл тестіден мына жерден өтуге болады; 
  • Ағылшын тілінен білімін растайтын мына сертификаттардың бірі болуы керек және жалпы балдан кемі мынадай балл жинауы қажет: IELTS: 9.0-ден 5.0, TOEFL: PBT 677-ден 417, ITP 677-ден 417, IBT 120-дан 35, DET 80-нен 160 дейін.

Магистр дәрежесін алуға үміткер медицина қызметкерлері

  • Құжат тапсыру кезеңінде еңбек қызметін жүзеге асырушы және медицина ұйымдарында тікелей медицина көмекгі қызметін атқару және жоғары медицина білімі болуы керек; 
  • «Болашақ» стипендиясы шеңберінде техникалық бағыттағы мамандық бойынша оқу үшін кемі бір жыл жалпы жұмыс өтілі болуы керек; 
  • Бакалавр/маман дипломы бойынша мамандығы мәндес мамандықтар тізбесіне сәйкес болуы керек;
  • Бакалавр немесе маман дипломының қосымшасы бойынша орташа балы кемі GPA 3,00 (4.00/4.33-тен) не 5.00-ден 4.00 балына сәйкес болуы керек;
  • Кемі В1 деңгейін растайтын ҚазТест бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификат болуы керек. Бұл тестіден мына жерден өтуге болады; 
  • Ағылшын тілінен білімін растайтын мына сертификаттардың бірі болуы керек және жалпы балдан кемі мынадай балл жинауы қажет: IELTS: 9.0-ден 5.0, TOEFL: PBT 677-ден 417, ITP 677-ден 417, IBT 120-дан 35, DET 80-нен 160 дейін.

Доктор дәрежесін алуға үміткерлер

  • Ұсынылатын жоғары оқу орындары тізіміне енгізілген шетелдегі жоғары оқу орнынан шартсыз шақырту болуы керек (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • Кемі В1 деңгейін растайтын ҚазТест бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификаты болуы керек. Бұл тестіден мына жерден өтуге болады; 

Тағылымдамадан өтуге үміткерлер

Бұл санат бойынша мына тұлғалар үміткер бола алады:

  • Инженерлік-техникалық қызметкерлер;
  • Мемлекеттік қызметкерлер;
  • Орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары;
  • Медицина қызметкерлері;
  • Мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері;
  • Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері;
  • Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері.

Қойылатын талаптар:

  • Тағылымдамаға қабылдайтын шетелдегі ұйымнан шартсыз шақырту болуы керек (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • Жалпы жұмыс өтілі кемі үш жыл, оның ішінде соңғы 12 айы таңдаған саласында болуы қажет; 
  • Кемі В1 деңгейін растайтын ҚазТест бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификат болуы керек. Бұл тестіден мына жерден өтуге болады; 
  • Ағылшын тілінен білімін растайтын мына сертификаттардың бірі болуы керек және жалпы балдан кемі мынадай балл жинауы қажет: IELTS: 9.0-ден 5.0, TOEFL: IBT 120-дан 35, PBT/ ITP 677-ден 417, DET 75-тен жоғары.

4. Қажет құжаттар тізімі

Магистр дәрежесін алуға үміткерлер (медицина қызметкерлері, инженер-техникалық қызметкерлер де):

  • Жеке куәлік және паспорт;
  • Мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын құжаттар көшірмесі. Онда оқу бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілуі керек (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • Қосымшасы бар бакалавр дипломы. Шетелдегі білім беру ұйымында оқыған жағдайда білім туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәліктің сканерленген көшірмесі немесе білім туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • Шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы ресми сертификат;
  • Мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми сертификат;
  • Шетелге шығатындар үшін 072/у нысандағы медициналық анықтама;
  • Шетелдің жоғарғы оқу орны берген үлгерім туралы ресми құжат/мамандығын, курсын (оқу жылын), осы оқу орнында пайдаланылатын бағалау жүйесі туралы ақпаратты және бар болған жағдайда мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармалары бар осы оқу орнындағы ағымдағы үлгерімнің орташа балын көрсететін белгіленген үлгідегі анықтама (тізімге енгізілген шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында академиялық оқуда оқитын адамдар үшін).

Резидентурада оқуға үміткерлер

  • Жеке куәлік және паспорт;
  • Мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын, бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген құжаттар көшірмесі (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • Қосымшасы бар бакалавр/маман дипломының сканерленген көшірмесі. Шетелдік білім беру ұйымында оқыса, білім туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәліктің сканерленген көшірмесі не білім туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • Мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
  • Шетелге шығатындар үшін 072/у нысандағы медициналық анықтама;
  • Шетелдегі жоғары оқу орны берген оқу үлгерімі туралы ресми құжат немесе мамандығы, курсы (оқу жылы), бағалау жүйесі туралы ақпарат, ағымдағы үлгерімінің орташа балы көрсетілген белгіленген үлгідегі анықтама. Құжат/анықтама мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырған аудармасымен ұсынылуы керек.

Ауылды елдімекеннен шыққан үміткерлер

  • Жеке куәлік және паспорт;
  • Қосымшасы бар бакалавр/маман дипломы. Шетелдік білім беру ұйымында оқыған жағдайда білім туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік немесе білім туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • Шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы ресми сертификат;
  • Мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы ресми сертификат; 
  • Шетелге шығатындар үшін 072/у нысандағы медициналық анықтама;
  • Еңбек қызметін растайтын құжат, сонымен қатар ауылды елдімекенде еңбек қызметіне байланысты кейінгі екі жылда аударылған міндетті зейнетақы аударымдары туралы құжат.

Доктор дәрежесін алуға үміткерлер

  • Жеке куәлік және паспорт; 
  • Мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын, бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген құжаттар көшірмесі (қаржылық шарттарды қоспағанда); 
  • Қосымшасы бар бакалавр/маман дипломы. Шетелдегі білім беру ұйымында оқыса, білім туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік немесе білім туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • Мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми сертификаттың сканерленген көшірмесі; 
  • Шетелге шығатындар үшін 072/у нысандағы медициналық анықтама;
  • Шетелдегі жоғары оқу орны берген оқу үлгерімі туралы ресми құжат немесе мамандығы, курсы (оқу жылы), бағалау жүйесі туралы ақпарат, ағымдағы үлгерімінің орташа балы көрсетілген белгіленген үлгідегі анықтама. Құжат/анықтама мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырған аудармасымен ұсынылады (тек жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында оқитын үміткерлер үшін).
  • Тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орнымен келісілген және мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар доктор дәрежесін алу үшін осы шетелдегі жоғары оқу орны белгілеген мерзімнен аспайтын жеке оқу жоспары.

Тағылымдамадан өтуге үміткерлер

  • Жеке куәлік және паспорт;
  • Мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын, бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген құжаттар көшірмесі (қаржылық шарттарды қоспағанда); 
  • жұмыс орнын сақтау шартымен маман даярлауға жұмыс берушінің өтінімі;
  • Қосымшасы бар бакалавр/маман дипломы. Шетелдегі білім беру ұйымында оқыған жағдайда білім туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік немесе білім туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • Шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми сертификат;
  • Мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми сертификат; 
  • Шетелге шығатындар үшін 072/у нысандағы медициналық анықтама;
  • Еңбек қызметін растайтын құжат және еңбек қызметінің талап етілетін кезеңі үшін аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы құжат; 
  • Тағылымдамаға жіберуші және қабылдаушы ұйым бекіткен тағылымдамадан өту бағдарламасы. 

5. Құжатты қалай тапсырады?

"Болашақ" бағдарламасына қатысу үшін Электрондық үкімет порталы (Egov.kz) арқылы өтініш беру керек. Құжат тапсыру алгоритмі мынадай:

Басты бетАзаматтарғаБілімЖоғарғы оқу орнынан кейінгі білім"Болашақ" халықаралық стипендиясы...Онлайн сұрау жасау. Осыдан соң қажет құжаттарды тіркейсіз.

6. Конкурсқа қалай іріктейді? I тур

«Болашақ» халықаралық стипендиясын алуға іріктеу онлайн режимде өтеді.

Электрондық үкімет порталы арқылы құжаттарды тіркегеннен кейін порталда сізге жеке кабинет ашылады. Онда сіз бағдарлама мен іріктеу рәсімі туралы барлық хабарламаны біліп отыра аласыз, сонымен қатар жоспарланған іріктеу турларынан өтіп, нәтижеңізді біле аласыз. 

Бұл кезеңде не болады?

– Үміткердің қысқа мерзімде жаңа ақпаратты талдау қабілеті деңгейін анықтауға бағытталған вербалдық және цифрлық ақпаратты талдауға арналған тестілер.

– Үміткердің жеке-іскерлік қасиеттері мен шетелде оқуға психологиялық дайындығы туралы ақпаратты құрылымдық түрде жинауға мүмкіндік беретін жеке сауалнама. Бағдарлама қатысушысының тиімді қарым-қатынас жасауға және қиындықтармен эмоция жағынан күресе отырып, жаңа ортаға бейімделуге, шешім қабылдауға және ойына алған мақсатын іске асыруға мүмкіндік беретін құзыреттерін көрсете білуі назарға алынады.

  • Тестілеу алдында уақыт шектеуі жоқ мысал сұрақтарға жауап беру мүмкіндігі болады.
  • Тест тапсырып жатқанда үзіліс жасауға тыйым салынады. Тек бөлек тестілер арасында үзіліс алуға болады. 
  • Кешенді тестілеуді цифрлық немесе вербалдық тестілерді тапсырудан бастаған жөн, өйткені оларға көбірек уақыт пен назар аудару қажет.
  • Стандарт калькуляторды, қалам мен қағаз қолдана аласыз. Смартфондағы, гаджеттегі және басқа байланыс құрылғысындағы калькуляторды қолдануға тыйым салынады. Тестілеуден қайта өтуге болмайды.

Дайындық және өту шарттары:

Тестілер мен сауалнамалардан өтуге дайындық қажет емес, өйткені бұл қандай да бір саладағы білімді тексеруге арналған сынақ емес. Арнайы уақыт бөліп, орынжайды дайындау қажет және сізді ештеңе (басқа адамдар, шу, гаджеттер, теледидар) алаңдатпауға тиіс.

Бұл кезең нәтижелері бойынша іріктеу жүргізілмейді. 

Маңызды!

  • Кешенді тестілеуде аудио және бейнежазба жүргізіледі;
  • Браузер (сайт) терезесі жабылып қалған жағдайда іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады;
  • Сайт қойындылары (вкладка) жабылып қалса, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады, сайт қойындылары ашық болуға тиіс;
  • Тест түрлерінің бірін тапсыра бастаған болсаңыз, соңына дейін өтуіңіз қажет. Олай болмаған жағдайда іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады.

7. Конкурсқа қалай іріктейді? II тур

Конкурсқа іріктеудің II туры - тәуелсіз сараптамалық комиссия (ТСК) мүшелерімен аноним жеке әңгімелесу.

Бұл кезеңде үміткерге төрт блок бойынша мемлекеттік тілде, орыс тілінде немесе болжамды оқу тілінде (ағылшын тілі, мысалы) сұрақ қойылады. ТСК мүшелері үміткердің 

  • кәсіби дайындық деңгейін (практикалық дағдылар);
  • таңдаған оқу мамандығы бойынша базалық білім деңгейін (теориялық дағдылар);
  • мамандықты дұрыс таңдағанын түсіну деңгейін;
  • жағдаяттық есептерді шешу дағдыларының бар-жоғын анықтау үшін бірнеше сұрақ қояды.

Әңгімелесу қашан және қалай өтетіні жайлы ақпарат электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетіңізге жіберіледі.

Әңгімелесуге қалай дайындалу керек?

Кешенді тестілеуден өткен соң жеке кабинетіңізде мамандық бағытыңызға сәйкес әңгімелесуден өту күні мен уақытын таңдау мүмкіндігі пайда болады.

Күндер бойынша орын саны шектеулі, белгіленген уақытты өзгерте алмайсыз.  Әңгімелесу уақыты Астана уақытына сәйкес көрсетіледі.

Турдан өту үшін мыналарға назар аударыңыз:

  • әңгімелесу онлайн режимде өтеді және аудио/бейнежазба жүргізіледі;
  • әңгімелесу туры өтетін жүйеге жеке кабинетте көрсетілген әңгімелесу уақытына дейін 20 минут бұрын дайын болуға тиіссіз;
  • іріктеудің осы кезеңінен қайта өтуге рұқсат берілмейді;
  • бұзушылықтар анықталған жағдайда іріктеу нәтижесі жойылады.

Телефоныңыз бен басқа құрылғыларыңыз айналадағыларға кедергі келтірмеуі керек. Әңгімелесу уақытындағы кездейсоқ қоңырау сұхбаттасушыға немесе өзіңізге кедергі жасауы мүмкін.

Әңгімелесу күні сізді не күтіп тұр?

Бағдарламаның ресми сайтындағы дерек бойынша, үміткерге өзі оқуға түскелі жатқан ел туралы көбірек ақпарат жинауы керек. Шетелегі жоғары оқу орындарының ресми сайтында оқу елі, үміткерге қойылатын талаптар туралы барлық ақпарат берілген. Сонымен қатар таңдаған факультетіңіздің/мектебіңіздің ғылыми-оқытушылық құрамы туралы да ақпарат болуы мүмкін. Жоғары оқу орындарының академиялық, пәндік немесе өңірлік бағыттар бойынша халықаралық рейтінгімен танысқаныңыз артық болмайды.

8. Конкурсқа қалай іріктейді? III тур

Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен өткен әңгімелесуден кейін үміткерлердің материалдары түпкілікті шешім қабылдау үшін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия қарауына жіберіледі. Бұл - конкрустық іріктеудің III туры.

Республикалық комиссия отырысының хаттамасы 10 күн ішінде "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ келіп түседі және бір күн өткеннен кейін конкурс жеңімпаздарының тізімі орталықтың ресми сайтында жарияланады.

9. Стипендия иеленгендердің тізімі шыққан соң не істеу қажет?

«Болашақ» стипендиясын иеленгендерге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ хабарласады. Ал сізге оқитын елге бару үшін виза алу туралы мәселені алдын ала қарастырып, шешкен дұрыс.

Тізімде болмай қалсаңыз, келесі жылы конкурсқа іріктеуге қайта қатыса аласыз.