Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа механизмі қандай?

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы атаулы әлеуметтік көмектің 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоспарланған жаңа механизмдері туралы айтып берді.

Қазақстан Президентінің атаулы әлеуметтік көмекті төлеу механизмдеріне түзетулер енгізу жөніндегі тапсырмасына орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін ұсынды.

Біріншікөпбалалы отбасылар жеке санатқа енгізіледі және оларға кепілдемелі көмек көрсетіледі.

Аталған мемлекеттік көмектің отбасының табысына еш қатысы жоқ әрі кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар отбасылардың барлығына беріледі.

Бұл көмектің көлемі бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден келеді және көлемі 2018 жылы тоқтатылған осыған ұқсас көмектерден төрт-жеті есе көп болады.

Екінші — азаматтардың аз қамтылған санатына қолдау көрсетіледі және олар еңбекке тартылады.

Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға да төленеді.

Атаулы әлеуметтік көмектің көлемі жан басына шаққандағы табыс пен күн көріс минимумының 70%-і арасындағы айырмашылық болады. Табысы жоқ отбасылар биылғыдай көмек алады.

Атаулы әлеуметтік көмектің басты шарттарының бірі — отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыс істеулері және отбасы үшін жауапкершілікті мойнына алулары тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек шартты ақшалай төлем ретінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын толық қолдану арқылы төленеді және ол аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталған.

Мемлекет арқылы субсидия бөлінетін жұмыстар одан әрі жалғасады. Олар — жеңілдетілген микронесиелер және бизнес ашу үшін берілетін қайтарылмайтын гранттар.

Егер жұмысқа жарамды отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, онда aтаулы әлеуметтік көмек отбасыға берілмейді.

Үшінші — атаулы әлеуметтік көмек алушылардың барлығына құрамына балаларға нақтылы қолдау көрсету енген кепілдемелі пакет беріледі.

Пакетте мыналар болады:

— мектеп жасына дейінгі балалар үшін: балалар тағамдары және гигиена заттары (323,4 мың балаға 5302 теңгеден);

— мектеп жасындағы балалар үшін: мектепте ыстық тамақ беріледі, мектеп киімі және қажет заттармен қамтамасыз етіледі, жолақысының шығыны төленеді.