Мемлекет басшысы соғыс ардагерлерінің ерлігін атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған жиында соғыс ардагерлерінің ерлігіне тоқталып, тарихи әділдік қалпына келтірілгенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Президент өз сөзінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлік көрсеткен көптеген Қазақстан азаматының есімі әлі күнге дейін толық бағаланбай келгенін атап өтті.

Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз, — деді мемлекет басшысы.

Осы орайда президент майдангер Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, соғыстың соңында Мәденов взвод командирі ретінде серіктерімен бірге Берлиндегі Ратуша ғимаратына Жеңіс туын тіккен. Бұл оқиға нацистік режимнің күйрегенін білдіріп қана қоймай, майдандағы жауынгерлердің рухын көтерген тарихи сәт болған.

Президенттің сөзіне қарағанда, батырдың ерлігі туралы Георгий Жуков бастаған қолбасшылар мен соғыс тілшілері жазғанымен, оның қаһармандығы осы уақытқа дейін лайықты бағаланбаған.

Мен Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы жарлыққа қол қойдым. Осылайша біз тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз, — деді президент.