Автомектептердегі қосымша төлем заңды ма?

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбай автомектептердегі күмәнді төлем мәселесін көтерді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оның айтуынша, жүргізуші куәлігін алуға ниетті азаматтардан оқу ақысынан бөлек, кіреберісте QR-код арқылы 8,5 мың теңге төлеу талап етіледі.

Депутаттың сөзінше, бұл төлемнің автомектептердің ресми қызметіне қатысы жоқ. Соған қарамастан, азаматтар оны міндетті түрде төлеуге мәжбүр. Ол жыл сайын шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігіне тапсыратынын атап өтіп, әрқайсысы 8,5 мың теңгеден төлеген жағдайда, жалпы сома 5,6 миллиард теңгеге жететінін айтты.

Бұл қаражат мемлекеттік бюджетке де, Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесіне де түспейді. Алдын ала мәлімет бойынша, ақша шетелде тұратын жеке тұлғаның есепшотына аударылуы мүмкін. Бұл «көлеңкелі» қаржы айналымының белгісі емес пе? — деді депутат.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселе бұған дейін де талқыланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта әкімшілік полиция комитеті тарапынан қызметтік тексеріс басталған.

Сонымен қатар заң жобасын талқылау барысында автомектептер мен әкімшілік полиция арасында делдалдардың болмауға тиіс екені нақтыланған. Министрлік өкілі бұл бағытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.