Astana Eurasian Book Fair-2026: Астанада кітап жәрмеңкесі өтеді

Астанадағы президент орталығында 22–26 сәуір аралығында Astana Eurasian Book Fair-2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана әкімдігінің қолдауымен, «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен өтеді.

Көрмеге 80-ге жуық баспа, білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Олардың қатарында Қазақстанмен қатар Ресей, Түркия, Қытай, Ұлыбритания және басқа да елдердің өкілдері бар. Бес күнге созылатын іс-шара аясында кітап таныстырылымдары, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар және балаларға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Көрмеде бірқатар жаңа кітаптардың тұсауы кесіледі. Атап айтқанда, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы», Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасы, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» шығармасы, Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды» романы және басқа да еңбектер таныстырылады, — делінген хабарламада.

23 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай республикалық «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Көрменің салтанатты ашылуы 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал жазушылар мен шетел елшілері қатысады.