Жеңісті жылдар жылнамасы

Сан ғасырлық тарихымыздың бедерлі кезеңі – Ұлық Ұлыс пен Қазақ хандығын қарастырғанда сол дәуірде жазылған тарихи еңбектерді назардан тыс қалдыру әсте мүмкін емес.

Бұл тұрғыда Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихы», Мырза Ұлықбектің «Төрт ұлыстың тарихы», Шараф ад-дин әл Иаздидің «Зафар-намасы», Рузбеханның «Мехман нама-и Бұхарасы», Мұхаммед Заһир ад-дин Бабырдың «Бабыр-намасы», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» сияқ­ты іргелі еңбектерді атауға болады. Өйткені аталған туындылардың авторлары сол дәуірдегі тарихи оқиғалардың тікелей куәгері ретінде саяси үдерістерге белсене араласқандықтан, дереккөздердің ғылыми құндылығы дау тудырмайды. Осындай тарихи шығармалар қатарына «Тауарих-и гузида-и Нусрат-нама» («Жеңіс кітабының таңдаулы тарихтары») атты жылнаманы жатқызуға болады.

Бұл жылнаманың екі нұсқасы белгілі. Оның бірі Санкт-Петербург қаласындағы Ресей Ғылым академиясының Азия халықтары институтында, екіншісі Лондондағы Британ музейінде сақталған. С.К. Ибрагимов екі нұсқаны салыстыра отырып, Лондон нұсқасы толықтау деген қорытынды жасайды. Ғалымның пікірінше, екі нұсқа да парақтары орын ауысқан қолжазбадан көшірілген сыңайлы, ­өйткені кейбір беттері ауысқан. Еңбектің ықшамдалған нұсқасы алғаш рет 1849 жылы И.Н. Березиннің бастамасымен басылып шыққан. Бұл ықшамдалған мәтінді Алла Мұрад Аннабой оғлы 1815 жылы Бұхарада құрастырған екен. Ал 1967 жылы А.Акрамов зерттеп, факсимилелік басылымын жарыққа шығарды. Оның жекелеген үзінділері 1969 жылы В.Юдин құрастырған «XV-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығы тарихы бойынша материал­дар (парсы және түркі дереккөздерінен үзінділер)» атты жинақта ғылыми аударма түрінде жарияланған.

Еңбекті кімнің жазғаны қолжазбада нақты көрсетілмеген, сондықтан оның авторы жөнінде әртүрлі пікір қалыптас­қан. Мәселен, Р.Мукминова еңбекті құрас­тыруға Шайбани ханның тікелей қатысқанын, автордың да оған жақын адам болғанын айтады. А.Семенов еңбектің авторы Шайбани ханның өзі болған деген байлам жасайды. Зерттеуші А.Акрамов еңбекті Мұхаммад Салих жазған, ал Шайбани хан қатысқан деп пайымдайды. Өз сөзіне дәлел ретінде ғалым Мұхаммад Салихтың «Шайбани-наме» еңбегіндегі өлең жолдарының кездесетінін алға тартады. Расында шығарманың кіріспесіндегі «Енді ханның қасиеттерін жырлайын, Әрі енді оның мадағын айтайын» деп келетін жыр жолдарын ханның өз-өзіне жазбайтыны белгілі. Ал С.Ибрагимов шығарманың тілдік, стильдік және мазмұндық ерекшеліктерін талдай отырып, оның идеялық тұжырымдамасын жасаушы әрі негізгі авторы Мұхаммед Шайбани ханның өзі деген ғылыми тұжырым ұсынады. Ғалымның пікірінше, шығарманың тілі (лексикасы, фонетикасы, морфологиясы) Шайбани ханның өзге шығармаларымен ұқсас, үндес келеді. Сол кездегі қазақ немесе қыпшақ даласының тіліне жақын жазылған еңбек Әлішер Науаи, тіпті ­Мұхаммад Салих шығармаларынан оқшауланып тұрады. Стилі қарапайым, ықшам; кейбір элементтері мен баяндау мәнері далалық көшпенділердің шежірелерін тікелей пайдаланғанын аңғартады. Бұл көзқарас Шайбани ханның түркі және парсы тілдерінде қалам тартқан ақын екенімен негізделеді.

Кітаптың жазылу себебі кіріспеде былай түсіндіріледі: «ұлылық шоқ жұлдызының күні және бақыт аспанының толған айы, заманның сайыпқыраны Шыңғыс хан заманынан бері ұзақ уақыттар, дәуірлер мен алыс замандар өтіп, естілген және көрілген тарихтардың хикаяларынан және бұл ұлы патшаның өткен дастандарынан және олардан соң өткен қатындары мен ұлдарының баяны мен жағдайлары нақты тексерілмеген еді. Осы кезде бұл ұлы патша, семсер мен қалам иесі, заман имамы және Рахманның жердегі өкілі (Шайбани хан) жігерін жоғары тұтып, мемлекет тізгінін ұстап, Мәуереннахр уәлаятын алып, дәулет пен бақыт тағында отырып, … құтты жүрегіне мынадай ой келді: таңдау­лы тарихтардан іріктеп алып, таңдаулы сөздерді жинап, тәртіп шеңберіне келтіру қажет деп бұйырды». Бұл жауапты міндет белгісіз (бәлкім бірнеше) авторға жүктеліп, еңбек хижраның 908 жылы (1503 жылы) хатқа түсірілгені баяндалады. Осы тұрғыдан алғанда, «Нусрат-нама» Шайбанидің жорықтарын дәріптеу және әулеттік идеологияны орнықтыру мақсатында жазылған сарайлық шығарма, оны құрас­тыруға ханның өзі тікелей басшылық еткен деген пікір көңілге қонымды. Өйткені шығармада «Тәңір Тағала тағы бір игілік сыйлады: Біз пақырға тіршілік шапанын беріп, бұл заманда патша қылды» деп Шайбани хан атынан бірінші жақтан сөйлеу мәнері де кездеседі.

Осы ретте тарихымызда айрықша із қалдырған, алайда әлі күнге лайықты бағасын ала алмаған тұлғалардың бірі, Жошының ұлы Шибаннан тарайтын Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның тұлғасына арнайы тоқталып өтуді жөн көрдік. Шайбани әулетінің негізін қалаушы, көрнекті ақын әрі «заманның имамы һәм халифасы» атағын иемденген тұлға 1451 жылы дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, атасы Әбілқайыр ханның қамқорлығында өскен сайып-қыранның аты тарих кітаптарында Үндістанды билеген Бабыр, Иранға үкімін жүргізген Шах Исмаил және Осман елінің қаһарлы әміршісі Иауыз сұлтанмен бірге Тұранның көрнекті тұлғаларының қатарында аталады. Оның ержетіп, ел ісіне араласа бастаған кезі Әбілқайыр хандығының әлсіреп, Орталық Азиядағы ру-тайпалардың этностық қайта түзілу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Дәл осы кезеңде Мәуреннахрда Темір әулеті, Жетісуда Моғолстан, Еділ бойында Ноғайлар, Шығыс Дешті даласында Қазақ хандығы тарих сахнасына шығып жатқан еді. Осындай аласапыран заманда Шайбани атасынан қалған ұлы хандықтың шаңырағын қайта тіктеп, ұлыс туын жоғары көтеруді мұрат еткен. Әбілқайыр хандығының іргесі сөгілген соң, ол ағасы Махмудпен бірге 1470 жылдардың басында Сырдария маңындағы қалалар үшін жорықтар ұйымдастырып, бірнеше бекіністерді жаулап алады. Бұрындық ханның қолын жеңіп, Түркістанға иелік етеді.

Темір әулетінің билігі әлсірей бастағанда Бабырды жеңіп, Мәуреннахрға үстемдік етеді. Ол осылайша 1499 жылы Бұхараны, 1500 жылы Самарқанды басып алады. Қазақ хандығы иелігіндегі Түркістан, Сығанақ, Сауран қалаларын да алып, 1504 жылы Хисар, Құндыз, Бадахшам, Балх, Хорезм мен Гератты өзіне қаратады. Көп ұзамай Иранның Мешхед және басқа да қалаларын иемденеді. 1509–1510 жылдары Сыр бойындағы қалалар үшін болған соғыста Қасым хан бастаған қазақ қолымен кездесіп, ойсырай жеңіледі. Артынша Шах Исмаилге қарсы жорық ұйымдастырып, Мерв маңында жеңіліп, тұтқынға түседі. 1510 жылы 12 желтоқсанда қаза табады.

Мұхаммед Шайбани аз уақыт билік еткен мерзімде өзін текті әулеттен тарайтын билеуші, батыр қолбасшы әрі терең ойлы парасат иесі екенін көрсете білді. Шайбани әскери жорықтармен қатар мәдениет саласына ерекше көңіл бөліп, халықтың рухани дамуына зор ықпал етті. Ол ғалымдар мен рухани тұлғаларға құрметпен қарап, ғұламалармен діни пікірталастарға қатысқан. Бұхарада жан-жақты білім алып, Жамал ад-дин Азизон, шайх Худайдод Уәли сынды ұстаздардан білімін жетілдірген. Әзірет Сұлтанға арнап жырлар жазған, сопылық жолын ұстанған. Оны осы шығармадан да аңғаруға болады: «Бұрындық хан дегенім – денеміздегі қарсылыққа бұйырушы нәпсі. Ер арыстан Қасым дегенім – ашуды меңзегенім. Бұл қарсыластар біздің денеміздің ішінде. Адамға серіктестігін білдірмей, мейі­рімділік көрсетіп құртады. Бұл қарсыластарды тақуалықпен әлсірете алсақ, олардан амандықта болып, екі дүниенің бақытын табармыз» дейді автор.

Шайбани оқу-ағартушылық істеріне де мән беріп, Сауран, Йасы және ­Самарқанда мешіт-медреселер салдыр­ған. Мемлекетті экономикалық және саяси тұрғыдан нығайту үшін бірқатар реформалар жүргізіп, Зарафшан, Сырдария, Отырар аңғарларында егін шаруашылығын жандандырып, жергілікті халықты отырықшыландыру үрдісін дамытты. Ақындар мен ғалымдарды ­әрдайым қолдап отырған ол түркі және парсы тілдерінде ғазалдар жазды. Оның көптеген жырлары, 1508 жылы жазған «Бахрул худо» дастаны, ұлы Темір сұлтанға арнап 1507–1508 жылдары жазған кеңес кітабы сақталған. Шайбанидің көрнекті тарихи тұлға болғанын айғақтайтын көптеген тарихи шығарма жазылған. Мәселен, сол дәуірдегі тарихшылар жазып қалдырған «Шайбани-нама», «Бабыр-нама», «Мехман нама-и Бухара» және «Зубдат әл-асар» сынды тарихи шығармаларда оның өмірбаянына қатысты мәліметтер кеңінен баяндалады. Молла Банаи өзінің «Шайбани-нама» еңбегінде оның өмірі мен шайқастары туралы баяндаса, Мұхаммед Салих та сондай атпен еңбек жазғаны белгілі. Ол туралы Бабырдың еңбегінде де кеңірек айтылады.

Жалпы Шайбани әулетінің негізін қалаған мемлекет басшысы ғана емес, өз дәуірінің беделі зор ғұламасы болған, арғы-бергі тарихты жетік білген Мұхаммед Шайбани ханның қолынан шыққан іргелі еңбек деректік негізі тұрғысынан Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихы», Ала ад-дин Жувейнидің «Тарих-и жаһангушайы», Низам ад-дин Шамидің «Зафар-намаcы», Абд ар-Раззак Самарқандидің «Матла ас-садайн» сынды классикалық жылнамалар дәстүрімен жазылған. Сондықтан еңбектің Шыңғыс хан ұрпақтары тарихын баяндауда тек әулеттік шежіре ғана емес, шығыс мұсылман тарихнамасының классикалық дәстүріне сүйенген, дереккөзі мол жылнама екені анық.
Тарихи шығарма құрылымы жағынан бірнеше ірі тараулар мен тақырыптық шағын бөлімдерге жүйеленген. Қолжазба құрамында барлығы 16 миниатюра сақталған. Онда Төле және оның төрт ұлы, Бату хан, Өгедей қаған, Жошы хан, Шағатай хан, Мөңке қаған, Хулагу хан, Ғазан хан, Әбілқайыр хан, Мұхаммед Шайбани хан, сондай-ақ Самарқанд пен Ташкент маңындағы шайқас көріністері бейнеленген. Шығарманың баяндау тәсілі сол дәуірде жазылған «Шайбани-нама» секілді тарихи-хроникалық шығармаларға үлгі болды. Еңбектің кіріспесі шығыс тарихшыларының дәстүріне сай Құран аяттарымен басталып, Алла Тағалаға мадақ айтумен өрбиді. Одан кейін Шайбани ханға арналған жырлармен жалғасады.

Еңбектің алғашқы тараулары түркі халықтарының аңыздық шығу тегі мен Оғыз қаған әулетінен тараған қауымдарға арналады. Оғыз қағанға қатысты кейбір тайпалық атаулардың пайда болу тарихы түркі этнонимдерін зерттеу тұрғысынан маңызды. Автор шығарманың жалпы құрылымын сақтай отырып, әрбір ханның билік дәуірін бірнеше бөлімге бөліп жүйелейді, сонымен қатар бірқатар жерінде өзіндік толықтырулар мен нақтылаулар енгізеді. Бұл жөнінде пайдаланған дереккөздерді атап көрсете отырып: «Мәңгу қаған мен Төле хан тарихы», «Тарих-и жаһангушай», Ислам шахы Ғазан ханның таңдаулы тарихы – «Тарих-и гузида», сондай-ақ «Мунтахаб Жами», «Тауарих-и Шами» және Ұлықбек мырзаның атына жазылған еңбектер негізге алынды; мұғұл жазушылардың мұғұл жазуымен жазғандарын оқуды жеңілдету үшін және парсы тіліндегі шығармаларды түркі тіліне аударып, ретке келтіру мақсатымен бұл мәліметтер жүйеленді. Осылайша кітапқа «Тауарих-и гузида-и Нусрат-нама» («Жеңіс кітабының таңдаулы тарихтары») деген атау берілді» деп жазады. Автор бұл тұста белгілі тарихи шығармалармен қатар сол кездегі моғол немесе ұйғыр жазуымен хатқа түскен шежірелік мәтіндерді негізгі дереккөз ретінде пайдаланғанын меңзеп отыр.

Еңбектің осы тарауларында негізінен «Жамиғ ат-тауарих» пен «Тарих-и арба улус» пайдаланылғанымен, бірқатар жаңалықтары бар: хандар мен сұлтандардың әулеттік шежірелері кеңінен беріледі, олардың ұл-қыздары мен жұбайларының, тіпті қызметінде болғандардың аты көрсетіледі, кейбір оқиғалар егжей-тегжейлі баяндалады, белгілі тұлғалар мен батырлар жөнінде айтылады. Мәселен, «Төрт ұлыстың тарихында» тұтқынға түскен Бөртені Оң ханнан алып келуге Сапа (Саба) атты ноянның барғаны, жолда Жошының дүниеге келгені баяндалса, «Жеңіс кітабынан» біз Сапаның Сартақ ноянның бабасы екенін, оның Арғын ханның жарлығымен Орда бегі болғанын, Хорасан мен Мазендеран аймағына билік еткенін білеміз. Сонымен қатар кейін дәстүрге айналған кейбір жайттарды да осы шығармадан табамыз. Мәселен, «Төле хан – төртінші ұлы: Шыңғыс хан жұртты, әйелдері мен қазыналарын осы кенже ұлына тапсырды, сондықтан кіші ұлды «шаңырақтың ұлы (иесі) деп атайды» деп жазады. Халқымыздағы «кенже ұл – қара шаңырақ иесі» деген дәстүр-жоралғы осыдан қалса керек.

Кітапта «Шыңғыс хан: өмір сүрген жасы – 72 жыл. Патшалық құрған уақыты – 29 жыл» деп жазылған. Бұл деректі автор Рашид ад-диннан алса керек. Сонда Шыңғыс хан 1155 жылы туған болып шығады. Ал «Юань Ши» сияқты қытай жылнамаларында қағанның туған жылы 1162 жыл деп берілген. Сол сияқты «Жошы хан: өмір сүрген жасы – 40 жыл» деп көрсетілген. Алайда қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны нақты айтылмаған. Профессор Зардыхан Қинаятұлы «Жошы 46 жасында қайтыс болды» дейді.

Шайбани ханның өзі Жошы әулетінен тарайтын болғандықтан, бұл шығармаға әсер еткен. Жошының сырқаттанып, қырық жасында қайтыс болғанын айт­қан автор одан тарайтын бүкіл әулеттің тұтас шежіресін береді. Олардың қандай өзара қарым-қатынастарын да кеңінен баяндайды. «Жошы хан үнемі әкесінің жанында жүретін еді, не бұйырса әмірінен шықпайтын. Міне, осы себептен Шағатай мен Өгедей ханның көңілінде реніш бар еді, олардың мәмілесі жақсы емес еді. Бірақ Төле ханмен жақсы тұратын еді» деп, Жошыға қатысты жұмбақтың бір түйінін тарқатады.

«Түрік шежіресінде» Әбілғазы ханның «Жошы ұлдарын қазақ хандары» деп атаған сөзіне сүйенсек, Жошының ұлы Шибаннан тарайтын Әбілқайыр хан мен оның немересі Мұхаммед Шайбани қазаққа бөтен емес. Оны автордың өзі де жоққа шығармайды, «Қасым сұлтан мен Махмұд Сұлтан баһадүр бөле, яғни олардың аналары әпкелі-сіңлілі еді, олар Жошының ұрпағынан ағайындылар еді» деп, жақын туыстықтарын алға тарта сөйлейді. Десе де, «Жошы ұлысының тағына кім лайықты?» деген сауал туындаған тұстан бастап идеологиялық тартыс көріне түседі. «Жошының үлкен ұлы – Орда еді. Ордаға патшалық мұра болып тимеді» деп жазған автор Орданың ұлы Сартақтайдың семіз болғаны соншалық, «ақырында ұйықтап жатқанда іш майы аузына тығылып, содан қайтыс болды» деп жазады. Орда мен ұлдарын «жуас» етіп көрсетіп, Шибан ханның ерліктерін суреттейді, сол арқылы әулетінің таққа лайық екенін көрсетуге ұмтылады. Шығармадағы «Темір бек Тоқтамыс ханды бермеді, керісінше, өзі әскер жинап, Ұрыс ханның үстіне жорыққа шықты. Отырарға жетіп, әскеріне қару-жарақ таратып, Отырардың сыртында Ұрыс ханмен соғысты. Соғыс Ұрыс ханның жеңілісімен аяқталды. Ұрыс ханның өзі жоғалып, табылмай кетті» деген жолдардан да осыны аңғаруға болады.

«Нусрат-намада» Әмір Темір әулеті жайында көп айтылмайды. Тіпті әмірдің өзін «Темір бек», ұлдарын «мырза» деп атап, олардың хан әулетінен шықпағанын аңғартады. «Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидатқа сүйенсек, бұл түсінікті де. Шайбани хан Әмір Темір әулетін жеңіп, Орталық Азияда Шыңғыс хан әулетінің үстемдігін орнатуға тырысқандықтан, бұл ресми тарихқа әсер еткен. Осылай саяси-идеологиялық бағытта тарихнамаға басымдық берген Шайбани хан Әмір Темір кезеңіндегі ақшаларға тыйым салып, 1507 жылдан бастап күміс пен мыс теңгелер шығартып, оны өз иелігіндегі барлық аймақта сауда айналымына енгізуге бұйрық берді.

Шығармада әулеттік шежіре автор өмір сүрген кезеңге дейін бірізді жеткізіліп, көшпелі өзбек ұлысының құрылуы, «Дешті Қыпшақ тағында қырық жыл хан болып отырған» Әбілқайыр ханның билікке келуі, оның Ноғай Ордасымен, маңғыттармен және Қазақ хандығымен арадағы саяси қарым-қатынасы сипатталады. Сондықтан еңбектің ең құнды әрі деректік маңызы жоғары бөлімдерінің бірі осы соңғы тарау. Мұнда Шайбани ханның өмірі мен қызметі ресми сарай жылнамасы үлгісінде баяндалып, оның дәуірі, саяси күресі, жорықтары, билікке келу жолы нақты даталармен бірге жүйелі түрде сипатталып отырады. Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» еңбегінде айтылатын «Бұлар Шағатай нәсіліне қарап жүргенде, Жошы нәсілі өзбек халқын билеп жүрген екен. Сол ­Жошының Сибан яки Шибан деген баласының тұқымынан бір белгілі Шайбақ деген хан шығып, Әмір Темір тұқымынан һират, Бұхар, Самарқан шаһарларын тартып алып жүргенде…» деген сөздер осы кезең болса керек. Шығармада «­Әбілқайыр хан секілді мұсылман һәм әділ һәм білімді һәм діндар һәм шариғатшыл һәм жауынгер батыр хан болған емес. Ол жиыр­ма төрт жасында Хорезмді Темір бектің ұлы Мырза Шахрухтан алды. Мемлекет оның дәуірінде өз бақытын тауып, елге қадамы құтты болды. Сол себепті оған (халық) «Әзиз» деген ат берді» деп, атасы Әбілқайыр­дың тұлғасына айрықша баға беріледі, оны әулиеге теңейді. Енді осы Әбілқайыр ханның мазары созақта қараусыз жатыр. Айта кетерлігі, Әбілқайыр ханның бектері мен батырлары туралы сөз болғанда, Қобыланды батыр аталмайды.

Әрине, еңбектің қазақ хандығы тарихы тұрғысынан алғанда маңызы айрықша. Осы тұрғыдан ол Қазақ мемлекеттілігінің бастауын, оның даму кезеңдерін зерттеу­дегі негізгі жазба дереккөздердің бірі ретінде жоғары бағаланады. Мысалы, «Бұрындық хан мен Жәнібек ханның ұлдары Қасым сұлтан және Әдік сұлтандар бастаған баршасы, тағы Маңғыт Хамза би – барлығы бірге келіп, Сығанақты үш ай қоршап тұрды» деп сол кездегі нақты оқиғалар қаз-қалпында суреттеледі. Қолжазбаның 148-149 беттерінде қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты мынадай мәліметтер береді: «Бұл Ұрыс ханның жеті ұлы және бес қызы бар еді. …Тоқтақияның үш ұлы және үш қызы бар еді. Ұлдарының аттары: Теңгриберді, Бағужақ, Инкар Болат еді. Қыздарының аттары: Татли, Сеуда, Иахши бике еді. …Тағы Инкар Болаттың ұлы Керей хан – оның үш ұлы бар еді, олардың аттары: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед, Сұлтан Әли еді. …Тағы Барақ ханның үш ұлы бар еді, олардың аттары: Мир Сайид, Мир Досым, Бушғаб еді. Жәнібек хан – оның ұлдарының аты: Иранжы (Жиренше), Махмұд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қанбар, Таныш, Судажак, Жәдік еді» деп келтіріледі. Осы тұста айрықша айта кетерлік бірнеше жайт бар. Біріншіден, өзге шежіре-деректерде Керей ханның әкесі «Анике Болат» ретінде аталса, мұнда «Инкар Болат» деп жазылған. Тоқтақияның тағы бір ұлы Бугурчук Бағуджак деп берілген. Сол сияқты Барақ ханның ұлдары, Жәнібек ханның бауырлары өзге деректерде «Мир Қасым» деп көрсетілсе, мұнда «Мир Досим» деп жазылған. Бәлкім, қолжазбаны көшіргенде қате кеткен бе? Тағы да салыстырып, терең зерттеуді қажет етеді. Ал Жәнібектің бауыры мен баласы ретінде Бушғаб пен Садажак атаулары «Муииз ал-ансаб» сияқты өзге деректерде кездеспейді. Екіншіден, осы дерек арқылы С.Ибрагимов айтқандай, біз Керей мен Жәнібектің туған бауырлар емес, үшінші атадан қосылатын немере ағайын екенін білеміз. Үшіншіден, Керей, Жәнібек, Бұрындықты автор «хан» деп атайды. Бұл Шайбанидің қазақ хандығын ресми мойындағанын көрсетеді. Қасым хан ол тұста хандық тағына шықпаса керек.

Жалпы «Тауарих-и гузида-и Нусрат-нама» тек Шайбани әулетінің шежіресін ғана емес, Шыңғыс хан құрған алып мемлекет пен Ұлық Ұлыс тарихына қатысты іргелі оқиғаларды, сондай-ақ Қазақ хандығының қалыптасу дәуіріндегі бүкіл Орталық Азия кеңістігін қамтыған саяси, этникалық әрі тарихи үдерістерді кең ауқымда бейнелейтін, тарихи, тілдік, деректік және мәдени тұрғыдан аса құнды еңбек.

Осы орайда, аталған шығарманың күні бүгінге дейін қазақ тіліне толық аударылып, жеке кітап түрінде жарияланбағанын атап өткен жөн. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында шығыстанушы ғалым Зәріпбай Оразбай және Ділмұрат Оразбай еңбекті қазақ тіліне аударып шықты. Бұған дейін бірнеше ортағасырлық құнды кітапты парсы және шағатай тілдерінен тәржімалаған тәжірибесі мол аудармашы әуелі қолжазбаның транскрипциясын жасап, сосын қазақ тіліне аударған. Бұл ретте тарихи шығарманың көшірмесін Британ музейі­нен арнайы алдырып, жобаны жүзеге асырған мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Әбдірахметұлы Құлекеевке ризашылық білдіреміз. Құнды еңбек тарихымызды түгендеуге, жадының жаңғырып, ұлттық кодымызды түйсінуге, сол арқылы халқымыздың рухани жаңғыруына қызмет ететініне күмән жоқ. Төл тарихымызды зерделеуге сүбелі үлес қосатын тарихи еңбектің оқырманы көп болғай!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Президент жанындағы
ҰҒА академигі,
тарих ғылымының докторы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да